МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміз мұсылмандардың өзара бауыр, туыс екенін, сонымен қатар бауырмалдықтың өзара ақылары мен міндеттерін бекітті. Осындай дін бауырымызға қатысты міндеттердің бірі – өзара қамқоршы, жанашыр болу.

Мұсылман адам өзгенің басына қиыншылық, қайғы-қасірет келгенде уайымдап, жүрегі ауырып, бар күш жігерін салып жәрдемдесуге, қамқорлық танытуға тырысады. Өйкені бұл Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен көркем үлгі-өнегесі еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 128-аятында:

 «Сендерге өз араларыңнан сондай бір әзиз пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтызар, мүминдерге сондай жанашыр, өте мейірімді», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі өзгелерге қамқор, жанашыр болумен қатар барлық  мұсылмандардың өзара жанашыр болуын насихаттап:

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген  (имам Мүслим).

Мұсылманның мұсылманға деген қақморлығы тек көмек қолын созумен ғана өлшенбейді. Шынайы бауыр ретінде жанашырлық танытуында, өзін ойлағанындай оның да қал-жағдайын уайымдауында, ниеттес, тілекші болуында, қуанышы мен қайғысына ортақтасуында т.б. амалдарында көрініс табады.

- Адам баласының бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі – абырой.  Осыны терең түсінген халқымыз: «Абыройыңды жасыңнан сақта» деп өсиет айтып, адамның бойында жастайынан ар-намыс, абырой деген сипаттардың қалыптасуына ерекше мән берген. Ата-бабаларымыз ақ батасын бергенде: «Алла абырой берсін!», «Абыройлы бол!» дейтіні де осыдан.

- Сөзге беріктік, сыр сақтай білу, аманат деп тапсырылған хабарды ешкімге айтпау – адамның рухани кемелдігінің көрінісі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 34-аятында: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш дін нәзіл болған уақыттан бастап, сахабаларын сыр сақтауға үйреткен. Өйткені уахидың алғашқы кезеңінде жүректеріне енді ғана иман ұялаған мұсылмандарға дін жаулары зиян тигізбес үшін Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихаты жасырын болатын. Сахабалардың сол уақытта көрген тәлімі олардың бойларында сырды сақтау, аманатқа берік болу, уәдені орындау, сынды асыл қасиеттердің мықтап орнығуына себепші болды.

Сахаба Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын): «Жүрек – сырды сақтайтын орын. Еріндер – сол орынның кұлпы. Ал тіл – соның кілті. Сондықтан әрбір адам сырдың кілтіне мұқият болсын», – деп өсиет айтқан.

- Қандай да бір мұсылман науқастанып қалса, өзге мұсылмандар оған барып, қал-жағдайын сұрау керек. Ауырып жатқан адамның қал-жағдайын сұрау оның көңілінің көтеріліп, дертінің жеңілдеуіне, сырқатын ұмытуына себепші болады. Өзін уайымдап, ойлап жүретін адамдардың бар екеніне көзі жетіп, қуаттана түседі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: Сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу», – деген (имам Бұхари). Сырқатқа ұшыраған адамның халін сұрау Алла Тағаланың құзырында үлкен сауапты іс болып танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырының халін таңертең сұрап барған кез келген мұсылман үшін жетпіс мың періште кешке дейін Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды. Ал егер бауырының көңілін кешке сұрап барса, онда жетпіс мың періште таң атқанша Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды және оған жәннатта жемістер дайындалады», – деген (имам Термизи).

- Мұсылман адам өзі үшін де, өзгелерге де жақсылық тілеп, дұға етуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресі,19-аятында: «Күнәларыңның кешірілуін тіле. Әрі мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге де кешірім тіле (күнәлары үшін жарылқау тіле)», – деп бұйырған. Бұл аяттарда Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне әрі басқа да мүминдер үшін дұға етуін бұйырған. Қасиетті Құранда және де ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған дұғаларға назар аударар болсақ, мұсылман адам өзі үшін дұға еткеннен кейін өзгелер үшін де дұға етуі керектігі баяндалады.

Құрметті оқырмандар Аллам адамзаттың бәрін бір-біріне деген мейіріммен өмір сүрсін деп жаратқан. Осы орайда мұсылманмен мұсылманның хаққысын ұстана білуіміз міндет. Аллам біздерді ақиқи мұсылманнан қылсын.

Балхожаев Азамат Мұратбекұлы

     Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің найб имамы

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: