Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін ең қасиетті түндердің бірі. Бұл түн мұсылман қауымы үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы қасиетті түнде адамзатқа тура жол көрсететін Құран Кәрім түсе бастаған. Сондықтан да Ислам дінінде Қадір түні аса қадірлі әрі сауапқа толы түн ретінде бағаланады.
Құран Кәрімде бұл түнге арнайы арналған «Қадір» сүресі бар. Бұл сүренің өзінен-ақ аталмыш түннің қаншалықты ұлық әрі қадірлі екендігін аңғаруға болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» – деп баяндайды. Бұл аяттар Қадір түнінің қадір-қасиетін, оның сауабының мол екенін айқын көрсетеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінде іздеуге үндеген. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдер» деп айтылған. Ал тағы бір хадисте: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауабын үміт етіп, оны құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» делінеді.
Ислам ғалымдарының пікірінше, Қадір түні көбіне Рамазан айының соңғы он күніндегі тақ түндердің біріне сәйкес келеді. Әсіресе 26-сынан 27-сіне қараған түн Қадір түні болуы мүмкін деген пікір кең тарағанымен, оның нақты қай түн екені анық айтылмаған. Мұның өзі мұсылмандардың соңғы он күннің барлығында құлшылықты арттыруына себеп болады.
Қадір түні – дұға мен кешірім сұраудың ерекше қабыл болатын уақыты. Пайғамбарымыз Айша анамызға бұл түні мына дұғаны жиі айтуға кеңес берген: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр». Сондықтан бұл түнде мұсылман баласы тарауық намазын оқып, Құран Кәрімді көбірек оқып, Аллаға жалбарынып дұға жасап, истиғфар айтып, сауапты істерге көңіл бөлуі керек. Бұл – жүректі тазартатын, иманды күшейтетін ерекше мүмкіндік.
Қадір түні – тыныштық пен берекеге толы түн. Бұл түні жер бетіне періштелер түсіп, адамдардың дұғалары мен тілектеріне куә болады. Сондықтан әрбір мұсылман бұл қасиетті уақытты бос өткізбей, құлшылықпен, дұғамен және ізгі амалдармен өткізуге тырысқаны абзал. Жаратқан Алла Тағала баршамызға Қадір түнінің сауабынан нәсіп етіп, жасаған құлшылықтарымызды қабыл етсін.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


21 Наурыз 2026
2 Шавваль 1447

