Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлының шақыртуымен Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Қорағаты мешітінде жұма уағызын айтып, артынан жұма намазына имамдыққа шықты. Облыс бас имамын ауылдық мешіт жамағаты мен ауыл тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алып, сүйсіне уағызын тыңдады.
Асқар имаммен бірге облыстық мешіттің азаншысы Дәулет қари және аудан имамы Қуаныш Досымжанұлы да аталмыш ауылға табан тіреді. Ашылғанына көп уақыт болмаған мешіттің тұрмыс тіршілігімен танысқан соң, жамағатта туындаған бірқатар сауалдарға жауап берді.
Жұма намазынан кейін Қасиетті Рамазан айында дұға қабыл болатын уақытта мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан Нұржан ағамызға арнайы дұға қылынды. Жамағат облыс бас имамына алғыс білдіріп, естелікке суретке түсіп, қимастықпен шығарып салды.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



11 Наурыз 2026
22 Рамадан 1447

