Ислам дінінде отбасы құндылығына өте терең мән берілген. Шариғат үкіміне сай құрылмаған отбасылық тәртіп түбі баянды болмайды. Әсіресе Алланың әмірін, жаратылыс заңдылығын білген пенделер жүйесіз өмір сүре алмайды. Адамның тұлғалық қасиетінің жақсы немесе жаман болып қалыптасуына әсер етуші фактор – отбасы.
Әр отбасының бақытты ғұмыр кешуі үшін көптеген аяттар мен сан алуан хадистер де келтірілген. Жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Жанұяда ең әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп отыратын болса еш ауырлық тимейді. Адам баласы өмірде өз орнын табуы үшін, әрі жұртының алдында үлгілі де абыройлы болуы үшін білім-ғылым, жақсы әдеп пен көркем мінездерге ие болу керек. Дәл сол сияқты бақытты отбасылар қатарында болулары үшін де әрбір ер мен әйелге шариғатымыз өз талаптарын қойған. Атап өтер болсақ, адал жар таңдау, отбасын құру, адал неке, шынайы махаббат, перзент сүю т.б.
Мақаламызға арқау болатын тақырып отбасы құндылығы төңірегінде болмақ. Ислам дінінде отбасы тыныштығының сақталуы үлкен рольге ие. Ерлі-зайыптылардың тату ғұмыр кешуінің нәтижесінде ғана отбасы құндылығы сақталады. Ерлі-зайыптылар қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы бір-біріне уәжіб болып саналады. Бұған дәлел ретінде Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 19 шы аятына көз жүгіртуімізге болады, аятта: "Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар" дейді. (Ниса сүресі, 19-аят). Аятты мысал ретінде келтірудегі мақсатымыз, әр отбасының сәнін де, салтанатын да кіргізетін — әйел адам, отбасындағы әдемілік те, жылулық та бәрі — сол ананың қолында. Ислам діні әйел баласын ана ретінде қатты қадір тұтқан. "Жұмақ - аналардың табанының астында", "Кімге жақсылық жасайын?" дегенде, үш рет "Анаңа" деп жауап берген хадистер осыған дәлел. Хазреті Омар р.ғ. бұл жайында "Біз әйел баласының да жеке құқықтары мен қадір-қасиеттері жайында Ислам келгенде барып біле бастадық" деп еске алған. (Ибн Исхақ Мухаммад, Сира кітабы, 1981 46 бет). Сол үшін шариғатымыз ең әуелі ер мен әйел арасындағы ауызбіршілікті, татулықты басты назарға қояды. Дініміз әр нәрсенің тәртібіне мән берген. Мысалыға айтар болсақ, жақсы отбасы тек тыныштық, татулық пен ынтымақтық сақталған жерде ғана дамиды. Отбасы тыныш болса, көңіл де тыныш болады. Ер мен әйел өз құқықтарын сақтап, бір-бірлеріне деген ілтипаттарын көрсете білсе, ондай жанұяның болашағы жарқын. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сахабалар: "Уа, Алланың Елшісі! Әйелдердің ең Абзалы кімдер?" сұрады. Сола кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Еріне бағынған, ерінің көңілін тапқан әйел" деп жауап береді. (Тирмизи риуаяты).
Отбасыны қасиетті мекен деп те бекер айтпаған. Өйткені Отан отбасыдан басталады. Отбасы тыныштығы бұл - отан тыныштығы болып саналады. Ұрпақтарымыздың сау-саламаттылықта жетіліп, өсуіне, дамуына отбасының тигізер әсері мол. Және де жер бетіне дұрыс ұрпақтардың таралуы үшін әуелі ата-аналар дұрыс болулары керек. Өйткені дұрыс, иманды, салихалы ата-анадан ғана дарынды, иманды ұрпақтар туылады. Әр перзент ата-анасының бір-біріне деген махаббаты мен сыйластығына, татулығына қарап үлгі алып, болашақта сондай болуға тырысып өседі. Одан кейінгі кезекте шариғатымыз отбасы құндылығы тақырыбында адал неке, иманды да сабырлы ата-аналар ғана бақытты жанұялар құра алатындығын атап өтеді. Сабырлылық демекші, Құранда Әнбия сүресінің 89-90 аяттарында баяндалғандай, Зәкәрия пайғамбар қартайған шағында Алла Тағала: "Уа, Раббым, сүйегім қаусап, шашым ағарды. Сенен тілек тілеп, жалбарынудан күдер үзген емеспін. Шынында, мен артымда қалатын жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қауіптенем. Ал әйелім болса бала көтеруден қалған. Сонда да өз құзырыңнан бір перзент нәсіп ете гөр!" деп дұға етіп жүрді. Нәтижесінде Алла Тағала сондай қаусаған кәріліктеріне қарамай келешекте пайғамбар болатын Яхия атты ұл нәсіп етті. Міне, сабырдың жемісі.
Алла Тағала ер адамға үлкен жауапкершілік берген болса, әйел адамға ана болу бақытын берді. Құран Кәрімде: "Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар", дейді. (Рұм сүресі, 21 аят)
Ер мен әйел ортасына өмірдің түрлі қиыншылықтарын жеңіп шығуға болатын махаббат сезімін салды. Егер ер мен әйел арасында махаббат, сүйіспеншілік болмағанда, адамзат баласы әлдеқашан жойылып кететін еді. Жоғарыдағы аяттағы "белгілерінен" деген сөзді тәпсіршілеріміз осылай түсіндіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Сіздердің жақсыларың өз отбасыларыңызға жақсы болғандарыңыз. Мен өз отбасыммен жақсы мәміледе болғанмын",-деген. (Ибн Хиббан риуаяты). Бұл сөзді растаған Айша р.ғ.анамыз Пайғамбарымыздың с.ғ.с. өмір бойы ешқандай қызметшіні ренжітпегенін және әйеліне қол көтермегендігін айтады.
Қорытынды ретінде айтарымыз, тағы да қайталап айтар болсақ, Отан отбасыдан басталады. Отан ол - кішігірім бір мемлекет. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелеген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Отбасы құндылығы - сарқылмас қазына. Отбасын құру адам өміріндегі ең қуанышты сәттерінің біріне жатады. Өйткені отбасылық өмір осы дүниеде ғана емес, арғы дүниеде де жалғасын таппақ. Сол үшін де Алла Тағала ерлі-зайыптылардың ажырасу амалын ең жиіркенішті әрі жағымсыз деп санаған. Жақсы отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі.
Халқымызда мынадай бір астарлы сөз бар "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген, яғни толыққанды отбасын құру үшін өмірдің қызығы мен шыжығына шыдап, күресу үшін де көп кезеңдерден өтеміз. Сол кезеңдерден бірге өтіп, бірге ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана "терезесі тең,керегесі кең" отбасын құра аламыз. Отбасы сенім мен сүйіспеншілік және терең түсіністік негізінде құрылған. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне себепкер болмақ. Мақсатымыз артымыздан салихалы ұрпақтар қалдыру болғандықтан дінімізбен дәстүріміздің бекіткен қағидаларына орай иманды ұрпақтар тәрбиелейік құрметті оқырман!
Хадисте келтірілгендей, "Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сыйлық берген емес" дегендей, ұрпаққа ізгі тәрбие мен тектілікті үйрете білсек, одан артық нығмет жоқ! Алла Тағала баршамыздың отбасымызды бақытты отбасылар қатарынан етсін!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы


17 Сәуір 2026
29 Шавваль 1447

