МЕЙІРІМ ҺӘМ КЕШІРІМ АЙЫ

МЕЙІРІМ ҺӘМ КЕШІРІМ АЙЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл – тозақ отынан азат етіліп, күнәлар мен қателіктер кешірілетін, сауаптар еселеніп, дәрежелер көтерілетін, жақсылық пен қайырымдылықтың, сабыр мен шүкіршіліктің, мейірім мен кешірімнің айы.

Қасиетті айда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді. Сауаптар еселеніп, күнәлар кешіріледі, дұғалар қабыл болып, дәрежелер көтеріледі. Алла Тағала құлдарына түрлі нығметтерін жаудырып, оразаны Өзіне тән етіп, оның сауабын Өзі ғана беретін ай.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, тура жолбасшылық пен айқын дәлелдер (ақиқат пен жалғанды) түріндегі Құран түсірілген ай. Сендерден кім осы айды (туғанын) көрсе, ораза ұстасын» («Бақара» сүресі, 185-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Рамазан айының алғашқы түні келгенде шайтандар мен азғын жындар кісенделеді, тозақтың есіктері жабылып, одан бірде-бір есік ашылмайды, жәннаттың есіктері ашылып, бірде-бірі жабылмайды. Сонда бір үндеуші: “Уа, жақсылықты қалаушы, алға ұмтыл! Уа, жамандықты қалаушы, тыйыл!” – деп жар салады. Бұл айда Алланың әр түнде тозақтан азат ететін құлдары бар», – деп айтқан (Термизи, №682).

Сондай-ақ Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Рамазан айында иманмен, сауабын Алладан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген (Бұхари, №2014). Ал құдси хадисте: «Ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін», – делінген (Бұхари, №1894).

Бізге берекелі, айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Кеше ғана Рамазан айын күтіп жүрген едік, көзді ашып-жұмғанша бұл айға да аман-есен жеттік, Аллаға шүкір! Шынында да, Рамазанға аман-есен жету – пенде үшін ұлы нығмет, зор бақыт. Өйткені Рамазан – ораза мен түнгі құлшылықтардың, Құран оқудың және жүректерді нұрландыратын имани тәрбиенің айы.

Рамазан айына жетіп, соған қарамастан күнәлары кешірілмеген адам – шын мәнінде жақсылықтан мақрұм қалған жан. Өйткені бұл қасиетті ай – жүректерді жаман істерден тазартып, нәпсіні тәрбиелейтін, пендені Раббысына жақындататын ұлы мүмкіндік. Осы айда шайтандар кісенделіп, жақсылыққа бастайтын жолдар жеңілдей түседі. Бұл – Алла Тағаланың пенделеріне жасаған ұлы нығметі. Мұның бәрі пендені тәубеге келуге, жамандықтарды өшіретін ізгі амалдар жасауға жетелейді.

Алла Тағала «Һуд» сүресінің 114-аятында былай дейді: «Шындығында, жақсы істер жаман істерді жояды!».

Алла Тағала пенделерін әрдайым тәубе етуге шақырып, «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Уа, мүміндер! Барлығың да Аллаға тәубе етіңдер, бәлкім, сонда мұратқа жетерсіңдер», – деп бұйырады.

Рамазан айында кешірім тілеу мен тәубе ету басқа уақыттарға қарағанда абзалырақ. Себебі бұл ай – мейірім мен кешірім айы. Бұл айда күнәлар кешірілетін, дәрежелер көтерілетін көптеген құлшылық түрі біріктірілген. Оның оразасында да, түнгі құлшылығында да күнәларға кешірім бар.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыда айтылған хадиске ұқсас мынадай өсиетін жеткізген: «Кім Рамазанда иманмен, сауабын Алла Тағаладан үміт ете отырып, Алла разылығы үшін түнгі намазды (тарауық) оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, №2009).

Сондай-ақ Қадір түнін құлшылықпен өткізу де – кешірімге жеткізетін себептердің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Қадір түнін иманмен, сауабын Алла Тағаладан үміт етіп өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (Бұхари, №1901).

Қадір түні – берекелі әрі қасиетті түн. Бұл түні адамдарды тура жолға бастайтын Құран түсірілген. Ол жөнінде Алла Тағала: «Ақиқатында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік», – дейді («Қадір» сүресі, 1-аят).

Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның әр түнінде кездесіп, Құранды бірге қайталап отырған. Сол себепті салиқалы ғалымдар да бұл айды Құранмен өткізуді маңызды санаған.

Имам Мәлик (Алла оған разы болсын) Рамазан кірген кезде өзін толығымен Құранға арнайтын. Ол сабақ беруді, пәтуа айтуды және адамдармен отыруды тоқтатып: «Бұл – Құран айы», – дейтін. Сондықтан Рамазан айында Құран оқу айрықша мәнге ие.

Алайда ораза ұстаушы жоғарыда айтылған Алланың кешіріміне жетуі үшін иманы шынайы болуы, оразаны Алла разылығы үшін ұстап, сауабын тек Одан үміт етуі және тақуалық қажет. Өйткені тақуалық – оразаның ең ұлы мақсаты. Алла Тағала Құранда ораза жайлы айта келіп: «Бәлкім, тақуа боларсыңдар», – деген («Бақара» сүресі, 183-аят).

Ораза тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, ол тіл мен көзді, қол мен жүректі, бүкіл ағзаларды күнәдан сақтау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өтірік сөзді және соған сай амал етуді тастамаса, Алла Тағала оның ішіп-жеуден тыйылғанына мұқтаж емес», – деген (Бұхари, №1903). Салиқалы кісілердің бірі: «Оразаның ең жеңілі – тамақ пен сусыннан тыйылу», – деп бекер айтпаған.

Рамазан – кешірім мен мейірім айы. Кім осы берілген мүмкіндікті пайдаланса, кешірімі мол Раббысына бет бұрған болады. Ал кім одан теріс айналса – өзіне өзі зиян жасаған, ұтылған адам болады.

Алла Тағала Құранда: «Раббыларыңның кешіріміне, ені көк пен жердей болатын, тақуалар үшін әзірленген жәннатқа ұмтылыңдар», – деді («Әли Имран» сүресі, 133-аят). Сондықтан бұл қасиетті айды барынша тиімді пайдаланып, оны түрлі құлшылықтармен, жақсылық, қайырымдылық және т.б. істермен өткізуіміз керек. Намаз бен садақаны көбейтіп, Құран Кәрімді көп оқып, кедей-кепшікке, мұқтаждар мен жетімдерге қол ұшын беруіміз қажет. Сонымен бірге оразамызды Алла тыйым салған барлық күнәлар мен жаман істерден сақтауымыз шарт.

Уа, Алла! Осы қасиетті айда бізді Өзіңнің кешіріміңе бөленген, күнәлары кешірілген, тозақ отынан азат етілген пенделеріңнің қатарына қоса гөр. Бізді Саған шүкір ететін, Сені көп еске алатын, Саған әрдайым тәубе ететін бойсұнушы құлдарыңнан ете гөр. Бізге ораза мен түнгі құлшылықты (қиямды) атқаруға күш-қуат бер. Оны бізден қабыл ете гөр, уа, әлемдердің Раббысы!

Алла Тағаладан барлық күнә мен қателіктеріміз үшін кешірім сұраймыз. Шын мәнінде, Ол – аса Кешірімді, ерекше Мейірімді.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №2, 2026 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: