Исламның 5 шартының алғашқысы иман болса, екіншісі - намаз, яғни исламдағы алғаш парыз болған құлшылық, ол - намаз. Намаз - ең маңызды, мағынасы мен мәні терең кұлшылық. Оның ішінде Аллаһты мадақтау, ұлықтау, оған шүкір деп тәубеге келу, әрі кешірім сұрап, одан жәрдем тілеу, дұға ету, сол сияқты зікір ету.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазға «Діннің тірегі», «Мүміннің миғражы», «Жұмақтың кілті», «Көзімнің нұры» деп анықтама берген. Намаз - исламның ең маңызды ғибадаты, оны тәрк етушілер тозақ азабына душар болады: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрселер? «Біз намаз оқымадық»,- дейді олар» («Мүддәсир» сүресі, 42-43-аяттар). Намазды 5 уақыт оқу - парыз. Күнделікті күйбең тіршіліктің ішінде жүріп Алланы, ақиретті, өлімді, өмірлік мақсаты мен міндетін ұмытып кететін адам, күн сайын бес рет намаз оқу арқылы Аллаға құл екендігін есіне түсіріп, өмірге деген құлшынысы артады. Әрбір намаз адамның жан дүниесін жаңартып, кайта тірілгендей күй кешеді, яғни адам баласы ширктің батпағынан таухидтың таза ауасына, өткінші дүниенің алдамшы ләззатынан мәңгілік өмірдің шәрбатына, шайтанның шырмауынан Алланың құзырына өтеді. Осы өткелдің басы азан мен дәреттен бастау алады. Мүмин таухидтың қысқа да нұсқа сөздерінен тұратын азан арқылы намазға, кұтылуға, дәрет алып, айналасын шырмауықтай шырмап алған шайтанның тұзағын тізгілеп өтіп, жан мен тәннің кірлерінен арылады. Құранда бұл тақырып: «Аллаһ сендерге ауырлық түсіргісі келмейді, керісінше, сендердің шүкірлік етулерің үшін өздеріңді таза ұстауларыңды көздейді, игілігін сендерге беруді қалайды» («Маъида» сүресі, 6-аят),- деп баяндалады.
Баршаға нәсіп бола бермейтін намазды сізге нәсіп етті. Ал, сіз намазды уақытында орындайсыз ба?
hibatulla.kz