Астанадағы «Астана» медресе-колледжінде 2025 жылғы бітіруші түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті.
Рәсім барысында сөз алған ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы білім алудың маңыздылығына тоқталды.
– Білім алу, сауатты болу – дініміздің басты талаптарының бірі. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімнің алғашқы аятында: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп бұйырған. Құранда 700-ден аса жерде ілім жайында айтылып, кейбір мәселелерді тек ілім иелері ғана ұға алатыны баяндалады, – деді наиб мүфти.
Айта кетейік, биыл еліміз бойынша 9 медресе-колледжді жалпы 468 түлек тәмамдады. Оның 284-і ер, 184-і қыз бала. Бүгінде 239 түлек бұйрық алып, діни қызметке орналасуда. Сонымен қатар, бірқатар түлектер Нұр-Мүбарак университеті мен Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтында білімін жалғастыруды көздеп отыр.
Атап өтерлігі, биылғы жылы «Астана» медресе-колледжін 46 түлек бітірді. Оның 30-ы ер бала, 16-сы қыз бала. 2007 жылы ашылған оқу орнын осы уақытқа дейін 473 шәкірт бітіріп шыққан.