Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 571 жылдың 20-сәуірі, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келді. Әкесі – Абдуллаһ, анасы – Әмина.
Дүниеге келген шағында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелдер: Шифа, Фатима, оларға Үммү Әйман да қолғабыс жасаған. Олардың айтуынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыларда үй іші нұрға толып кеткен. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ИбраҺимнің (ғ.с.) дұғасын алған, Иса (ғ.с.) пайғамбар оның келетіндігін алдын ала сүйіншілеген, анасы Әмина оны түсінде көрген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылмай тұрып, әкесі ауырып көз жұмған. Мәдинада жерленген. Сондықтан ол әкесін көре алмады. Төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің қабірін зиярат етіп қайту үшін Мәдинаға апарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы Абдулмұтталибтың шешесі Сәлма мәдиналық болғандықтан, сол жақта туыстары тұратын. Әкесінің қабірі нағашы ағасы Нәбиғаның ауласында еді. Хазреті Әмина баласымен бірге күйеуі Абдуллаһтың қабірін зиярат етті. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыстарымен танысып қайтты. Қайтып келе жатып Әбуа атты жерге жеткенде Әмина анамыз ауырып қайтыс болады. Сүйегі сонда қойылды. Осы сапарға бірге шыққан Үммү Әйман пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Меккеге әкеліп, атасының қолына табыстайды.
Алты жасынан сегіз жасқа дейін атасы Абдумұтталибтың тәрбиесінде болды. Атасы өлер алдында әкесінің бауыры Әбу Тәліптің үйін паналауды өсиет етеді. Көкесінің қойларын бағып, зыр жүгіріп үйдегі жұмыстарға да қолғабыс тигізеді. Он үш жасынан бастап саудаға араласып, ерекше адалдығымен көзге түседі.
Жиырма бес жасқа келгенде хазреті Хадиша( р.а.) анамызға үйленді. Ол кезде Хадишаның жасы қырықта еді. Оған үйленерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ел ішінде сенімділігі мен танымалдығы үлкен рөл ойнайды.
Отыз бес жасында Қағбаға тасты қоюға таласқан тайпалар арасын татуластырды. Әділ төрелік етті. Олардың арасында тұтанғалы тұрған қақтығысты болдырмады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырық жасқа жақындағанда елден жырақ кетіп, жаратылыстың тылсым құпияларына оңашада ой жіберуге құмартты. Ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Қырық жасқа толған 610 жылдың Рамазан айында Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы уахи жолымен ең алғашқы «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен оқы!» деген аяттар түсті. Осыдан барып Жаратушы тарапынан оған «Пайғамбарлық» міндет жүктелді.
hibatulla.kz