Қазақстан қажылық миссиясының мүшелері Мекке қаласында қажыларға қызмет көрсететін компанияларды зиярат етіп, қажылардың жай-күйімен танысты.
Mиссия төрағасы Кенжетай Байкемелұлы бастаған жұмыс тобы қажылық компаниялары орналасқан қонақ үйлерге келіп, қажылармен жүздесті. Ас мәзірі, азық-түліктің сапасы, қонақ үйдің тазалығы, қажыларға қызмет көрсететін гид және күнделікті айтылатын уағыз-насихат барысы тексерілді. Қажылармен кездесу барысында миссия төрағасы Кенжетай Байкемелұлы қажыларға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, қажылық жөнінде насихат айтты. Әсіресе, Мина, Арафат аймағында атқарылатын құлшылық парыздарының маңызына, денсаулық пен қауіпсіздікке тоқталды.
Сондай-ақ қажыларға миссия жұмысы мен оларға қызмет көрсететін фирмалардың жұмыс сапасын жетілдіру бағыттары түсіндірілді. Одан бөлек миссия дәрігерлері ыстықтан қорғану, денсаулық күтімі жайлы кеңестерін айтты.