Тараз қаласындағы "Кеңесхан қажы" мешітінде қасиетті Құранға түскен қыз-келіншектерге арнап рухани іс-шара өтті. Сауапты жиында Ислам ілімін меңгеруге бет бұрған шәкірттерге құрмет көрсетіліп, ерекше қошемет көрсетілді.
Курсқа қабылданған 100 шәкірттің 50-і қасиетті Құран Кәрімді арабша оқуды меңгеріп, рухани белеске көтерілді. Осыған орай, кәсіпкер әйелдердің демеушілігімен қыздарға қасиетті Құран Кәрім сыйға тартылды.
Іс-шара барысында имандылыққа үндейтін көріністер қойылып, Құранның мәні мен маңыздылығы жайлы әсерлі уағыз-насихат айтылды. Жиында ұстаз Зейнеп Жәдігерқызы жүрекке жылы сөздерімен бөлісіп, қыздарға тәж кигізді. Сондай-ақ, мешіттің наиб имамы іс-шараның ашылуында сөз сөйлеп, Құранға деген құрмет пен білім алудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұл игі бастама мешіт жамағаты мен шәкірттерге үлкен рухани серпіліс сыйлап, қасиетті кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыра түсті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі