Әл-Ақса мұсылмандардың жүрегінде ерекше орынға ие – ол Исламның үшінші қасиетті мекені. Осы жерге Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Исра мен Миғраж сапарында апарылған болатын. Бұл мешіт ең ғажайып басқосудың куәгері болды – барлық Пайғамбарлар (әлейһим сәләм) Алла елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ұйып намаз оқыды.
Ақса мешіті – ең көне қасиетті орындардың бірі. Ол «шалғайдағы мешіт» деген мағынаны білдіреді. Йерусалим (Құдыс) қаласында орналасқан бұл тарихи мешіттің құрылысын Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) бастап, кейіннен ұлы Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) аяқтағандығы айтылады. Сол себепті «Сүлеймен мешіті» деп те аталған.
Ақса мешітіне қазіргі уақытта 5000 адам сыяды. Ғимарат іші кең жеті бөлмеден тұрады. Ішінде мәрмар тастардан жасалған бірнеше бағаналар бар. Ақса мешітіне солтүстік жағындағы жеті есіктен кіруге болады. Бәрі де бір бөлмеге бастайды. Бұдан басқа да батыс, шығыс, оңтүстік бетте есіктері бар. Мешіт қабырғалары жартысына дейін мәрмармен, ал жоғарғы жағы керемет мозаикалармен көмкерілген.
Мешіттің астында қабырғасы тастан өрілген кең орын бар. Ол орынды Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) атқора ретінде пайдаланған көрінеді.
hibatulla.kz