«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да» (Шәмс сүресі, 9-аят)
Нәпсіні тазарту ол – күпірліктен, надандықтан, жаман сезімнен және жағымсыз мінезден арылу деген сөз. Яғни, нәпсіні шариғатқа қайшы келетін әр түрлі сенімдерден, мінез-құлықтан және іс-амалдарға байланысты қателіктерден арылту деген сөз. Оны тазартып, жамандықтардан арылған жан иман, парасат, білім, хикмет, даналық және көркем мінез секілді тақуалық қасиеттермен тәрбиелеп, руханиятқа өзін баулу қажет.
Нәпсі – адамның ең басты қасиеттерінің бірі. Нәпсі туралы жасалған анықтамалар өте көп. Кейбіреулер нәпсіні толықтай жағымсыз сипатқа таңып, оны шайтанмен тең санаса, енді біреулер нәпсісіз адамның болмайтындығын, сондықтан нәпсісі құрту емес, тек нәпсіні пайдалану керектігін айтады. Қалай болғанмен де адам өмірінде нәпсінің орын мен ролі ерекше.
Жалпы нәпсі сөздің тура мағынасына келер болсақ, бұл адамның өзі деген сөз. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Хақ жолында жиһад еткен адам, тек нәпсісі (өзі) үшін жиһад еткен болады» (Анкабут сүресі, 6-аят).
Бұл аятта нәпсі сөзі адамның «өзі» деген мағынаны білдіреді. Бірақ, адамның екі түрлі құндылықтан тұратындығы белгілі. Біріншісі рух, екіншісі тән. Сонда нәпсі адамның қайсы қасиетіне жатады? Яғни, адамның өзі дегеніміз оның рухы ма, әлде тәні ме? Бұл екеуі де адамның өзі болып саналады. Сол себепті нәпсіні осылардың бірі деп ашып айту қиынға түседі.
Алайда діни ұғымда немесе халық арасында нәпсіні адамның жағымсыз қасиеті ретінде таниды. Құран Кәрімде:
«Мен нәпсімді ақтамаймын, өйткені нәпсі, Раббымның мархаматы болмаса, үнемі жамандықты бұйырады» – делінеді. (Юсуф сүресі, 53 аят)
Бұл жерде нәпсі жамандықтың символы іспеттес. Олай болса нәпсі рухтан көрі тәнге жақындау. Өйткені, тәни қасиеттер нәпсіге таңылады. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Фәни дене бояуға-ай мақтанады,
Жан төзбейді, сол үшін сақтанады.
Өлмес жанға өзгермес орын керек,
Сондай іске ұмтылмас шаттанды.
Жан құмары – істемек, біліп алмақ,
Бөгет бола береді дене, салмақ... – деп дене сөзі мен нәпсі сөзін бірдей мағынада қолданады. Адамның өз денесінен құтылуы мүмкін емес. Сондықтан, нәпсіні өлтіру деген болмайды. Оны тек тәрбиелеп, тізгіндеу қабілетіне ие болу үшін белгілі бір рухани тәрбие жолдарынан өтеді. Сопылықта бұл тәрбиеге ең алдымен мән беріледі. Өйткені, рухани дәрежелерге көтеріліп, адам жанын тазарту үшін алдымен нәпсісін тәрбиелеп, жаман пиғылдардан тазартып алуы шарт. Тіпті, сопылықта нәпсінің тәрбиесін белгілі бір дәрежелерге бөліп тәрбиелеу жолдарын ұсынады.
Нәпсінің ең төменгі дәрежесі Құранда айтылғандай, барлық жамандықтарды бұйырушы болса, рухани тәрбинің нәтижесінде, қанағаттанған нәпсі дәрежесіне жетеді. Адамның бұл жалғандағы міндеті де, Аллаға жету жолындағы кедергілерден асып, Құдай алдындағы борышын абыроймен атқару. Нәпсінің кедергі болатын жолдары дүниеге құштар қылып, денені тәнге билеттірсе, мұндай адамның Алла алдындағы міндетін орындай алмасы хақ. Адамның ең бірінші алданатын жағы, өз алдындағы ғана ойлауы, ізгі амалдары кейінге қалдыруы, дүние тіршілігін бәрінен де маңызды деп ойлауы. Сондықтан адам дүние мен ақиреттің тепе-теңдігін ұстап тұруы керек.
Құран Кәрімде: «Адам өзін емін-еркін жіберіледі деп ойлай ма?!» (Қиямет сүресі, 36-аят) десе, ал, Пайғамбар (с.а.у.):
«Ақылды кісі – нәпсісіне ие болып, оны жауапқа тартып, өлімнен кейінгі өмір үшін тырысқан адам. Ал ақымақ – нәпсіқұмарлығына беріліп жүріп, Алладан жақсылық күткен адам» (Тирмизи, Қиямет 25; ибн Мәжә, Зүһд 31) - делінеді.
Олай болса нәпсіні тәрбиелеудің ең әсерлі жолы, ол - өлімді ойлау. Өлген адамды ойлап дүниенің бағасын салмақтап, соған қарай дүниеге көңіл бөлу керек сияқты. Ешбір адам өлімнен құтыла алмайды. Сонымен қатар өлім, еш уақыт талғамастан, кез-келген жаста келуі мүмкін. Адам соған әрдайым әзір болуы шарт. Өлімге әзір болу үшін әр адам қысқа ғұмырында ізгі істермен айналысып, нәпсісін тәрбиелеп, жүрегін тазартып, жаман істерге орын қалтырмаса ондай адамға өлім қашан келсе де өкінішке душар болмайды.
Қорыта айтар болсақ, нәпсі адамның жеткізер көлігі сынды. Егер астындағы атыңды жақсылап үйретіп, өзіңе икемдесең барар жеріңе ешбір қиындықсыз жеткізеді. Егер ие бола алмасаң ол сені орта жолда қалдыруы әбден мүмкін. Алла Тағала сынақ әлемі ретінде дүниеде әр адамның алдына нәпсі бөгетін қойып, адамды нәпсіден туындайтын қиыншылықтарды жеңіп, абыройлы түрде өзіне қайтуға міндетті қылған. Нәпсі жақсылыққа да, жамандыққа да апаруға қабілеті бар көлік сияқты дәнекер.
Сондықтан ол – табыс көзі, соңына ерсең, түпсіз құдыққа түсесің. Нәпсіні тазарту ол – дүниеде ештеңе тең келмейтін жоғары дәрежеде. Ендеше әркім өзін-өзі жақсы танып, нәпсісін жақсылап тәрбиелесе екі дүниеде де өкінішке қалмайды. Жоғарыда айтқанымыздай нәпсіні тәрбиелеу, адам бойындағы жаман қасиеттерді жою емес, оны орнымен қолдану болып табылады. Соның нәтижесінде адамның жан-дүниесі нұрланып, жамандық атаулыдан ұзақ болады. Бұл қасиет, адамның іс-қимылынан, жүзінен байқалады.
Алла Тағала бәрімізге нәпсімізге ие болып, ұлы мақсатымызға сүрінбей жетуді баршамызға нәсіп етсін! Әмин!
Дәурен Құттыбаев
Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы