ЕСЕП БЕРУДІҢ 4 ПАЙДАСЫ

ЕСЕП БЕРУДІҢ 4 ПАЙДАСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өмірге келген адамның бұл жалғаннан өтуі де хақ. Аупалы-төкпелі, жылдам өтіп жатқан уақыттың берекеті аз бұл заманда не істеп, не қойғанымызды кейде аңғара да бермейміз. Сол себепті қамшының сабындай қысқа ғұмырда өз-өзімізді есепке алмасақ, ақыреттегі жағдайымыз қиын болмақ. Әрине бұл мәселенің шешімі – өз-өзімізге есеп беру.

«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?» дейді Абай өзінің он бесінші қарасөзінде. Бүгінгі күні де хакім Абайдың бұл насихаты аса өзекті. Оқырманға ой салу мақсатында есеп берудің 4 пайдасын қал-қадірімізше талдап көрейік.

 

Уақытты тиімді пайдаланасың

Халқымыз уақытқа дүниедегі ең қымбат құндылық ретінде қарағандықтан, алтынға балаған. Уақытты көбіне жаман әдеттер мен қылықтар құртады. Әсіресе үлкен қалаларда оқитын жастарымыздың біразы түнімен қыдырып, жын-ойнақты жағалап, орынсыз күлкі мен тойымсыз нәпсінің жетегінде жүргенін өздері де сезбей қалуда. Бұған күнделікті куә болып жүрміз. Ата-анасына өтірік айтып, өзін де, өзгені де алдап, болашағына бейғам қарауда.

Уақыттың қадірінің бірден бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Тәпсір ғалымдарының түсінігінде егер Алла бір нәрсеге серт етсе, оның ерекше маңыздылығын білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты екенін мына хадисінде айтады: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгені, жастық шағын қалай өткізгені, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағаны және алған білімімен не істегені жайлы есепке тартылмайынша, бір адам да орнынан тапжылмайды», – деген.

Уақытты тиімді пайдаланудың тағы бір жолы – уақытыңызды босқа алатын теледидар көру, әлеуметтік желілерде отыру, телефон арқылы ұзақ сөйлесу т.с.с. нәрселерден бас тарту. Сонымен қатар әр күні ойға алған істеріңіздің тізімін жасап отыру – оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Адам уақытын босқа ысырап етуден аулақ болған жөн. Бос өтіп кеткен бір сәттің өзін қайтарып алу мүмкін емес екеніне ой жүгірткен ләзім. Талқанымыз таусылып, шектеулі ғұмырымыздың соңына жеткен кезде, кері қайту жоқ, тек қана өткен өмір үшін жауап беруіміз керек. «Уақыт ешкіммен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деп түсінген халық даналығын ойға салып, қайта келмейтін уақытты тиімді пайдалана білейік.

 

Кемшілігіңді көрсетеді

Ауруға диагноз қойылмаса, дұрыс емделмейтіні секілді, өзінің кемшіліктерін білмеген адамның түзелуі қиын. Адам кемшілікті бетке айтатын жанмен дос болу керек. Әр адамның кемшілігі бар. Қырсықтық, сенімсіздік, жалқаулық, көрсеқызарлық, асығыстық т.б. көпшіліктің бойынан табылатын жаман мінездер. Ал мұндай мінез бар кезде адамның жетістікке жетуі қиын. Бойымыздағы кемшіліктерден құтылудың ең дұрыс әдісі – мойындау. Мойындау оңай болып көрінгенімен, ерік-жігерді талап етеді. Себебі, мойындаудың артында әлсіздігіңді қабылдап, онымен күресу жатыр. Мойындаудан кейін кемшіліктерден арылуды ойланасыз, іздене бастайсыз. Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын): «Менің кемшіліктерімді көрсеткен адамға Алла разы болсын», – дейтін. Омар Салман әл-Фарисиден өзінің кемшіліктерін сұрайтын. Онымен жолыққан сайын: «Саған менің қандай кемшіліктерім мәлім?», – деп сұрайды. Сонда Салман: «Менен мұндай мәселе жайлы сұрама», – дейді. Алайда Омар қоярда-қоймай сұрай бергеннен соң Салман: «Менің естуімше, сен бір дастарқаныңа екі айран қояды екенсің. Екі киімің де бар екен. Біреуін – күндіз, екіншісін түнде киеді екенсің!» – дейді. Омар: «Бұдан басқа тағы да естігендерің болды ма?» – дейді. «Жоқ», – деп жауап береді. «Олай болса, мен бұл екеуінен де құтылдым», – деп, Омар өз қателігін Салман арқылы тауып, «кемшіліктерінен» арылған екен.

Философ, ғалым, мемлекет қайраткері Бенджамин Франклин өзінің достарынан: «Қандай жаман мінезім бар?» деп сұрайды. Олар Франклинге он үш кемшілігін айтып береді. Франклин әр апта сайын бір кемшілігімен күресіп, он үш апта бойы жаман мінезін түзеп отырған. Кемшіліктеріңді өзің іздегенше, басқалардың айтқаны дұрыс. Себебі, сырт көз – сыншы.

 

Тәкаппарлықтан құтқарады

Тәкәппарлықтан, өзін жақсы көруден құтқарады. Өзіне есеп бермейтін адамды тәкәппар деуге де болады. Өйткені, кемшілігін білген адам өзін жақсы көрмейді, паңдыққа ұрынбайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың сауалаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді», –
деген.

Тәкаппарлықтан құтылу үшін бірінші кезекте оның себептерін дұрыс анықтау қажет және соған қарай амалын қарастырған жөн. Адам баласы өз бойындағы кейбір қасиеттерімен тәкаппарлыққа бой алдырып жатады. Мысалы, өзінің бойында жоқ атабасының тектілігімен мақтанып: «Менің аталарым би, болыс, батыр болған» дегенімен, өз бойынан ондай қасиеттер байқалмайды. Негізінен адам өзінің алғашқы жаратылысын, яғни бір тамшы лас судан (сперма) жаратылғанын және соңында қара жердің құшағына енетінен есіне түсіріп тұрғаны дұрыс. Бірақ менмендігін дәл уақытында білу аса маңызды. Оның зияны өмірімен де өлшеніп жатады. Елена аралында соңғы күндерін өткізген француз  императоры Наполеон былай дейді: «Жеңіліске жалғыз кінәлі менмін. Менің ең үлкен жауым – өзім».

Адам баласы кісінің өз айыбын көре алуы – жақсы қасиет. Кемшілігін байқап, ұғынған адам Алланың кешіріміне бөленеді. Тәкаппарлықтың себебін анықтап, саналы түрде оны жеңудің жолдарын қарастыру қажет. Тәккаппарлықты тыйған аяттар мен хадистерді жиі-жиі оқып, Жаратқаннан жәрдем тілеу қажет. Жақсылық Жаратқаннан, жамандықты өз нәпсімнен деп біліп, әрдайым Алла Тағалаға шүкірлік ету қажет. Шайтанның Хақ Тағаланың рақымынан қуылуына себеп болған осы тәкаппарлық екенін ұмытуға болмайды. «Ұлық болсаң кішік бол» деген даналықтан тәкаппарлық танытудың ұлықтық емес, қайта ақымақтық екенін ұғынамыз. Адамды менмендіктен құтқаратын бір қасиет – кішіпейілдік. Кішіпейілдік кісіні Аллаға жақындатады, әрі адамдарға да жақсы көргізеді. Кішіпейілдікті ту еткен жан рухани тұрғыдан өсіп, кемелденеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы өзін өзгелерден жоғары санап, алшақ ұстаған сайын, залымдардың қатарына жазылып, солардың басына келген бәлеге душар болады», – деген хадисін де әрдайым естен шығармау керек.

 

Жоспармен өмір сүресің

Жоспар – уақытын бағалаушы адамның ең жақсы амалы. Жоспарсыз адамның нәтижеге жетуі қиын. Адамдардың көбі бүгінгі күнімен өмір сүріп, ертеңгі болашағы туралы бас қатырып ойлай қоймайды. Бүгін – ертеңгі күніңнің іргетасы іспетті. Өзін өзі дамыту ілімінің білгірі Брайан Трейси: «Әр күні таңертең ерте тұрып, сол күні істейтін шаруаларыңның жоспарын жасап ал», – дейді. Таңертең мен «бүгін мынадай пайдалы шаруаларды атқарамын» деп жоспарлап алып, сол жоспар бойынша пайдалы істерді жүзеге асырып отырсаң, әр күнің болашақ үшін берік тастан іргетас қалауға көмегін тигізбек.

Қойын дәптер мен қаламсап – сіздің жарқын болашағыңызға бастар жол. Бүгінде смартфонды пайдалансаңыз да ыңғайлы. Әр күні таңертең сол күні жасайтын пайдалы істеріңді қойын дәптерге жазып, жоспарлап және кешке қандай істерді орындалғанын не атқарылмағанын тексеріп қарап алуға болады. Егер жоспарланған шаруаң орындалмаса, себебін анықтап, оны қашан жүзеге асыруды жазып қойған жөн.

Жоспармен әрекет жасау, өмір сүру уақытыңды тиімді пайдаланып, пайдалы шаруалар атқаруыңа, сөйтіп болашағыңның берік іргетасын қалауыңа әсерін тигізеді. Жоспарсыз өмір сүретін адамдар қаңбақ сияқты. Басын тауға да, тасқа да ұрып, уақыты босқа өтеді. Өмірде нақты нәтижелерге жетпей, түрлі қиындықтар мен ауыртпалықтарға ұшырап жатады.

 

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №12, 2024 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: