Кеше Холокост қырғыны құрбандары еске алу күніне орай ұйымдастырылған «Мен – сенің қорғаушыңмын» халықаралық акция аясында еврей халқын құтқару жолында ерлік көрсеткен мұсылмандар есімі еске алынып, құрмет көрсетілді.
(Албания королі Ахмед Зог мыңдаған еврейді өлімнен алып қалған)
Мұсылман қаһармандарға арналған бұл шаралар Нью-Иорк пен Вашингтон (АҚШ), Женева (Швейцария) және Тирана (Албания) қалаларында болып өтті.
Нью-Иорк қаласында «Тірі театр» әртістері тарихи оқиғалар желісін сахнада суреттесе, Тирана шаһарында Лека Зог ханзада өзінің атасы король Ахмед Зог Біріншінің екіншi дүниежүзілік соғыс кезінде мыңдаған еврейді өлімнен аман алып қалғаны туралы айтып берді.
Бір қызығы, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда, барлық мемлекеттердегі еврейлер саны едәуір кеміген болса, Албаниядағы еврейлер саны бұрынғысынан да көбейе түскен.
(Марокко королі Мохамед Бесінші Франция мемлекетінің еврейлерді барлық құқықтарынан айыру туралы талабын орындаудан бас тартқан)
«Мен – сенің қорғаушыңмын» ұйымына қазіргі таңда әлем бойынша 14 мыңға жуық жан мүше болған. Ұйымның басты мақсаты – дініне, ұлтына, басқа да өзгешеліктеріне қарамастан мұқтаж жандарды қауіп-қатерден сақтап қалған қаһармандарды әлемге таныту.
«Біз мұсылмандарға деген өшпенділік күшейіп келе жатқанда, күллі әлемге олардың шын мәнінде қандай қаһармандар екенін айтқымыз келеді», – дейді ұйым басшысы Дани Лоренс.
(Тунистік Халид Абдул Вахаб өзінің жүк көлігінде жиырмадан астам еврейді жасырып, фашис әскерлерінің тексеруінен аман өткізген).