Жамбыл облысы Байзақ ауданы Талас ауылдық «Ан-нағим» мешітінің ұстазы Мұсабекова Айнур «Имани жаз» сауат ашу курсын ұйымдастырып, білімге талпынған жас қыз шәкірттерге сабақтар өтуде.
Жастарға имандылықты насихаттау мақсатында Байзақ аудандық әйел-қыздар секторының жетекшісі Жанат Әмірханқызы діни сауатын ашып жатқан қыз балалармен кездесіп, тәрбиесі мол тағылымды насихат айтып, ілімге құштар қыздарға табыс тіледі.
Жанат Әмірханқызы: «Қазақ – көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті, өзіндік игі ғұрып-дәстүрі бар, этнографиялық ахуалы әр қилы, пейілі өзінің байтақ даласындай кең де қонақжай халық. Халқымыздың бітім-болмысын зерттеген этнограф ғалымдардың атап өткеніндей, қазақ – жайшылықта тәубешіл, жаугершілікте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да жомарт, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, доспен дос бола алатын, әділдікті бағалай білетін халық. Қаз дауысты Қазыбек бидің сөзімен айтқанда:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз» – деген.
Ата дәстүрін ардақтау – қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы.
«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді.», -деп, «Діндегі дәстүрдің орны» тақырыбында насихат айтты.