Мысырдың христиан және мұсылман дін ғалымдары қоғамда, әсіресе, қоғамның белсенді тобы – жастар арасында белең алып келе жатқан атеистік көзқарасқа тойтарыс беру үшін күш біріктіретін болады. Бұл жайында «Анадолы» ақпарат агенттігі хабар таратты. Мысырдағы христиан шіркеуінің жетекшісі осы мақсатта мұсылмандардың әлемге әйгілі «әл-Азһар» университетімен тығыз байланыс орнататынын жеткізді.
Өткен аптада коптардың православ шіркеуі мен «әл-Азһар» білім ошағының ғалымдары дінаралық жиын өткізіп, атеизмге қарсы күрестің мақсаты мен міндеттерін талқылады. Айта кетейік, атеизм – бұл елде ауызға алына бермейтін тақырып. Десе де соңғы жылдары пирамидалар елінде Құдайды жоққа шығару үрдісі белең алып барады. Бұл өз кезегінде христиан мен мұсылман жетекшілерін алаңдатып отыр. Осыған байланысты Мысырдағы Шіркеулер кеңесі үстіміздегі жылдың қазан айында жастарға атеизмнің қандай қауіпті құбылыс екенін түсіндіретін семинар өткізді.
Islam.kz