#Байзақ: МӘМБЕТ БАТЫР КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАЛДЫ

#Байзақ: МӘМБЕТ БАТЫР КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы мен III аймаққа қарасты ауыл имамдары «Дархан дала» жобасы аясында тұғыры биік Мәмбет батыр кесенесін зиярат етіп, Құран аяттарын оқып, бабаға сауабын бағыштады.

Шапырашты Қазыбек Тауасарұлының жазбаларына қарағанда Мәмбет батыр Сеңкібаймен бірге Аңырақайда ерлік жасағанда он сегіз жастағы балаң жігіт болса керек. Осыған қарап Мәмбет батыр Күнбасұлы 1711 жылы дүниеге келген деп шамалаймыз.

Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін Абылай хан бастаған азаттық айқастарында орасан зор қайрат көрсеткен батырларды Бұхар жырау былай жырлайды:

                             «… Қаракерей Қабанбай

                             Қанжығалы Бөгенбай

                            Ту түбінде тұр еді

                             Айбатты бұ күн Абылай                             

                             Төбеде жыға шаншылып                            

                             Әрі — бері жүр еді…

                             Батырлардың асқары —                           

                             Қазыбек ұлы Қасқары,

                             Қаумен, Дәулет қасында,

                             Байдәулеті басында —                             

                             Сеңкібай мен Шойбек бар                             

                             Таңсық қожа Мәмбет бар                             

                             Осылардың қасында…

Мәмбет батырдың ерлігі қалың жұртшылыққа қалмақ батырымен жекпе-жекте белгілі болды. Мәмбет пен Сеңкібай батырлардың есімдері барлық жерде егіз адамдай бірге аталады.

Оңтүстік Қазақстанды отарлап, жерін иеленіп өз өктемдігін жүргізген қалмақтар Алакөл бойында жатқан қазақ қолына келіп килігеді. Шамалхан атты батыры мұнда жеті мың әскерді бастап келген. Бұл шайқастың алдындағы жекпе-жекте Мәмбет батыр Домбауылдың басын шабады. Қазір осы Шымыр Мәмбет пен Жаныс Сеңкібай және Шапырашты Наурызбай батырларымыз жекпе-жекте жауын жайратқан жерде Майдан атты қалашық бар көрінеді.

Мәмбет батыр Абылайдың аса сүйікті батырларының бірі болған. 1756 жылы Төле би қайта шақырып алғанша ұлы ханының қасында болады. Әсіресе Мәмбет батыр Ертіс бойында, Көкшетау, Қызылжар жерлерінде көптеген ерлік көрсеткені туралы мәліметтер бар. Абылай хан батырды аса қадірлегендіктен керей елінің қадірлі бір адамының қызына өзі қалың мал төлеп, Мәмбетке айттырған.

Мәмбет батыр Төле бидің өнегесімен өз ұрпақтарына көптеген арық қаздыртып оларды диханшылыққа баулиды. Қазір Мәмбет ұрпақтары қаздырған каналдар Тараз қаласының төңірегінде үш ауданның жерін суландыруда. Шымырдың Жаңабай атасынан тарайтын Мәмбет батыр жүз жасаған әулие атанған, ұрпақтары кең тараған адам. Мәмбет батырдың ұлдарының бірі Байзақ датқаның кесенесі қазіргі Байзақ ауданында.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: