Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбан шалу. Пенденің шалған құрбандығы Қиямет күні оның пайдасына куәлік береді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресі, 3-аятында:«Жұпқа және таққа серт!» – деп айтқан. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты тәпсірлегенде «шафғ» сөзіне құрбан күні «уәтр» сөзіне арафа күні деп түсінік берген. Осы күн ұлы қажылық күні деп те аталады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Алла Тағаланың алдындағы ен қайырлы күндер ол – құрбан айт күні мен зулхижжа айының 11-ші күні», – деген.
Құрбан шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлардың кешірілуі, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.
Бауыздалатын малдың тамағына пышақ тартқанда шыққан қан жерге түспей тұрып, оның сауабы Алла Тағаланың құзырына барады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан артық Алла Тағалаға жағымды іс істемеген. Әлбетте құрбан малдары Қиямет күні мүйізі, жүні және тұяғымен келеді. Әлбетте қан жерге ағудан бұрын Алланың құзырындағы орынға жетеді. Ендеше оны шын жүректен шалыңыз», – деген (Тирмизи).
Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет:
- Мұсылман болу;
- Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
- Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.
Нисап мөлшері дегеніміз: 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
Құрбан рүкіндері: Белгілі күндерде, құрбандыққа жарамды малдарды шалу.
Құрбанның шартына келетін болсақ, құрбан екі түрлі болады:
1) Уәжіп
2) Мұстахап (нәпіл)
Уәжіп болған құрбандардың да түрлері бар:
1)Нисап мөлшеріне жеткен бақуатты адамға да кедей адамға да уәжіп болған құрбандық;
2) Тек кедей адамға уәжіп болған құрбандық
3) Тек бақуатты адамға уәжіп болған құрбандық.
Әрі бай адамға әрі кедей адамға уәжіп болған құрбандық:
Мысалы: Бір мақсатыма жетсем немесе ауруымнан жазылсам, бір малды (қой-түйе) Алла ризалығы үшін құрбан шаламын десе, уәжіп болады. Бұл нәзір құрбаны деп аталады. Оның етін өзі жей алмайды. Тұтастай таратуы тиіс.
Құрбан шалудың уәжіп болуы үшін мына шарттар керек:
1) Бай болуы керек. Пітір садақасын беретін дей жағдайы болуы керек. Зекет беретіндей бай болу шарт емес.
2) Ақыл-есі дұрыс болу
3) Балиғат жасына жеткен болу. Балиғатқа толмаған ақыл есі дұрыс, дүниесі бар болса, әкелері немесе уәкілдері сол баланың малын құрбандыққа шалады (Имам Әбу Юсуфтың р.а көзқарасы бойынша).
4)Мұсылман болу. Мұсылман емеске құрбан шалу уәжіп емес. Егер құрбан шалатын күндері мұсылман болса, онда ол адамға да құрбан шалу уәжіп болады.
5) Жолаушы болмау. Құрбан айт күндері жолаушы болмаса, қалған шарттар бар болса, құрбан шалу уәжіп болады.
Құрбандыққа қандай мал шалынады?
Қасиетті құрбан айт мерекесінде алты айдан кіші емес еркек немесе ұрғашы кой, екі жасқа толған сиыр, бір жасқа толған ешкі, бес жылдан асқан түйе шалуға болады.
Құрбандыққа қандай мал шалуға болмайды?
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген.
Ауру, көтерем немесе өте жас малды құрбан шалуға болмайды. Қой да, ешкі де өте мықты әрі семіз болуы керек. Бір жері кем, ақсақ, құйрығы кесілген, соқыр, немесе жарты құлағы жоқ малдарды да құрбандыққа шалмайды.
Құрбан шалудың уақыты
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.
Аллаға жақындау деген мағынаға келетін құрбандық арқылы күнәларымыз кешіріліп, Алланың алдындағы дәрежеміз жоғарылай бергей!
Оразбаев Акбар Тоқтосынұлы
Жамбыл облысы Бмайзақ ауданы
Қызыл жұлдыз ауылы «Бейшен» мешітінің имамы