ҚҰРБАН АЙТ - ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

ҚҰРБАН АЙТ - ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Құрбан айт – Ұлы дала төсінде ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан халқымыздың қанына сіңген, салтына, дәстүріне айналған ұлық мереке деп айтсақ артық емес. Құрбан сөзінің сөздік мағынасына қарайтын болсақ «жақындау» деген мағынаны береді. Ұлы Жаратушымыздың бұйрығын орындап, Оның разылығын табу, яғни құрбандық шалып Оған жақындау деп түсінсек болады.

     Құран Кәрімнің «кәусар» сресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» - деп бұйырады Алла Тағала.

     Құрбан шалу сонау Ыбрайым пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан жол. Ол кісі көп жылдар бойы Жаратушыдан перзент сұрап дұға тілейді. Нәтижесінде Мейірімді Раббымыз дұғаны қабыл етіп қартайған шағында Өзінің пайғамбарына Ысмайылды береді. Бала ержеткенде әкесі түс көріп, түсінде қартайғанда көрген перзентін құрбандыққа шалып жатады. Алғашқыда түсінен күмәнданғанымен артынша тағы екі мәрте көріп, бұл түстің Алладан келген бұйрық екенін түсінеді. Бұл күндер зүлхижжа айының сегізі, тоғызы және оныншы күндері еді. Әкесінің күмілжіген түрін байқаған бала Ысмайыл не болғанын сұрайды. Ыбрайым пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көрген түсін айтқанда елгезек бала: «Әкетайым бұл Раббымыздың бұйрығы болса оны орында, Алла қаласа мені сабыр етушілерден табасың» - деп, бұйрыққа бой ұсынғанын көрсетеді. Сөйтіп әкелі – балалы екеуі Жаратқан Иенің бұйрығына бой ұсынған күйде белгіленген жерге жол тартады. Құрбандық шалынатын орынға келгенде жасөспірім бала мынадай бірнеше тілегін айтады: «Уа, әкетайым! Қолдарымды және аяқтарымды да өте берік етіп байлаңыз, тыпыршып ыңғайсыздық қылмайын. Пышағыңызды жақсылап қайрап алыңыз, өткір болсын. Әкешім, өзіңізге бұйырылған әмірді орындағанда менің бетіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып кетіп, Алланың әмірін кешіктіріп алуыңыз мүмкін. Көйлегімді анама апарып беріңіз. Оны қолына алса, қайғысына жұбаныш табар», – дейді. Бұл сөздерді естіген Ыбрайым пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас келіп, Алла Тағалаға жалбарынады, бұйырылған әмірді орындауда өзіне жәрдем етуін сұрайды. Ұлын етпетінен жатқызып, қолына жақсылап қайралған өткір пышақты алып, ұлының мойнына тақап, бір тартады, бірақ пышақ өтпейді. Өйткені Алла Тағала қалаған іс қана орындалады. Осы сәтте Алла тағала пышаққа кеспе деп бұйырған екен. Осылай тағы екі тартқанда пышақ кеспейді. Артынша:

     «Уа, Ыбрайым! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа шалу үшін үлкен бір қошқар түсірілген екен.

     Бұл Құранда баяндалып өтетін үлкен бір қиссаның шағын ғана үзіндісі. Әйткенмен осы шағын үзіндінің өзінде өнеге аламын деушіге бірнеше ғибрат бар. Әуелгісі Алладан шынайы көңілмен сұрасаң міндетті түрде береді. Ыбрайым пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) қартайған шағында перзент бергеніндей. Екінші Алла Тағала өзінің жақсы көрген құлын сынайды. Баланы құрбандыққа шалуды бұйырғанындай. Үшінші өзінің бұйрығын екі етпей орындаған құлын қуандырады. Ысмайылдың орнына құрбан шал деп қошқарды көктен түсіргеніндей. Төртінші тақуа әкенің тәрбиесін алған перзенттің де тақуалықта алда болатынын көреміз.

     Мінекей құрбан шалу рәсімі әке мен баланың осы оқиғасынан бастау алады.

     Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?» – деп сұрады, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ыбрайым пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрақ қойылды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»,– дейді (имам Ахмад).

     Қасиетті құрбан айт мерекесінде құрбан шалып, мұқтаждарға жәрдемдесу, құрбандық етінен жоқ - жітікке тарату сауабы мол іс. Дей тұрғанмен, құрбан шалуды ниет еткен әрбір мұсылман ең алдымен құрбандығының дұрыс болуына аса қатты мән беруі керек. Ол үшін құрбан шалудың мынадай бірнеше талаптарын білуіміз керек:

  1. Шамасы келетін мұсылманның құрбан шалуы уәжіп. Ардақты елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде – кім мүмкіншілігі бола тұрып құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» - деген. Құрбан шалу уәжіп болу үшін біріншіден мұсылман болу керек, екіншіден сапарда болмау керек, үшіншіден күн көрісінен артылған нисап мөлшеріне толған дүниесі болу керек. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», - деген.
  2. Құрбандық уақытына сай шалынуы керек. Құрбандықтың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
  3. Құрбандық тек бір Алланың разылығы үшін шалынуы керек. Құранның Хаж сүресінде: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет», – деп айтқан.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Насаи).

  1. Құрбандыққа жарамды малды шалу. Мынандай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып табылады: Бірінші бір көзі соқыр, екінші сойылатын жерге жете алмайтындай көтерем, үшінші құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, төртінші тістерінің көбі түсіп қалған, бесінші емшектерінің басы жұлынып қалған, алтыншы бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
  2. Құрбан малын дұрыс шалу. Пышақты малдың көзінше қайрамау, өте өткір етіп қайрап келу, сойылатын жерге ұрып соқпай, сүйремей айдап келу.
  3. Құрбандықтың еті мен терісін дұрыс пайдалану. Терісін сатып қасаптың ақысына беруге болмайды, қасапқа өз ақшаңыздан төлеуіңіз керек. Малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін көрші қолаңға, бір бөлігін жоқ – жітікке, бір бөлігін өзіне алып қалса болады. Алайда сойылған малдың етін толықтай таратып берсе де болады, толықтай өз үйіне алып қалса да болады.

     Сөз соңында айт намазы мешіттерімізде 16 – маусымда сағат 6.00 де оқылатынын хабарлаймыз

     Құрметті мұсылмандар Құрбан айт құтты болсын! Құрбан шалуға ниет еткендердің ниеттерін Алла Тағала қабыл етсін! Еліміздің еңсесі биік болсын!

Қонақбаев Ғлымжан Қабылбекұлы

Жуалы аудандық 

«Толымбай тегі Зиябек»

мешітінің бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active