Қазақстан Қажылық миссиясының ұйымдастыруымен Меккеде алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы жұмысын бастады.
Бүгін наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы бастаған миссия өкілдері дәрігерлік ем-шара кабинетінің жұмыс барысымен, сонымен қатар қазақстандық қажылар үшін арнайы елден жеткізілген отандық дәрі-дәрмектер тізімімен танысты.
«Қажылардың денсаулығын қадағалау, оларға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету – Қажылық миссиясының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды тиянақты түрде жауапкершілікпен орындауымыз керек. Осы ретте қажылар арасында түсіндіру іс-шараларын жүргізу аса маңызды. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздеуге көмектесуіміз керек» деді Ершат Ағыбайұлы.
Айта кетейік, Қазақстан қажылық миссиясының құрамындағы білікті ер және әйел дәрігерлер, сондай-ақ 16 туроператордың әрқайсында бір дәрігер қажылардың денсаулығын қадағалайды.