Астанада Тәуелсіздік мерекесіне орай өтіп жатқан салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы біздің бүгін азаттықтың екінші мүшеліне толуға - 25 жылдығына аяқ басқанымызды атап өтті.
«Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыркешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты мәңгілік жұлдыз жарқырай туды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлар бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. Адам баласы сияқты мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағадан аттайды. Біріншісі - жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі - ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де қайталанбас қастерлі мезеттер», - деді Н.Назарбаев.