Бірде бір бай жалшысын сынайын деп тақиясын алып, басын сипапты. Сөйтсе, жалшы оған қарап тілін шығара қойыпты. Байдың басын сипағаны: «Басқа пәле неде?» деп сұрағаны екен. Оған жалшының тілін көрсеткені: «Басқа пәле – тілден» дегені екен. Бай: – Таппадың, жалшым, басқа пәле ағайын мен туыстан болады, – дейді. Жалшы өз сөзін дәлелдемек болып: – Жоқ, бәйеке, өйтіп былшылдамаңыз, – деп қалады.
Бұрын мұндай сөзді естімеген бай ашуланып, керегенің басында ілулі тұрған сегіз өрме бұзау тісті қамшысына қарай ұмтыла бергенде, жалшы:– Сабыр, сабыр, байеке, айтпап па едім «басқа пәле тілден» деп, енді түсінген боларсыз», – дейді. Сөзден жеңілген бай белге ұрған жыландай сылқ етіп отыра кетіпті. Он күнәнің тоғызы сүйексіз қызыл тілден делінген ғой, тілімізді тізгіндеп, ойланып сөйлеуді әдетке айналдыруға трысқанымыз жөн болар, ағайын.