Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ізгілік жаршысы» жобасы аясында еліміздің дін саласындағы ең үздік журналистері анықталып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алғыс хатымен марапатталды. Мүфтияттың игі жобаларына ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақ руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген қаламгерлерге арналған сыйлықты Бас мүфтитің өзі табыс етті.
www.nur.kz порталының редактор-журналисі Жанар Жансейіт, www.zakon.kz порталының редактор-журналисі Торғын Нұрсейітова 2015 жылдың «Үздік редакторы» номинациясы бойынша марапатталса, «Үздік журналист» номинациясының жеңімпазы ретінде www.interfax.kzақпарат агенттігінің тілшісі Жандос Мәлікұлы, «Еуразия» Бірінші телеарнасының тілшісі Ұлан Тәліпбай, «Асыл арна» ислами ағартушылық телеарнасының тілшісі Алтынбек Рахымбердіұлына арнайы диплом берілді. Сонымен қатар, Алматы телеарнасы Бас редакторының орынбасары Нартай Аралбайұлы («Үздік ұйымдастырушы»), «Қазақстан» ұлттық арнасының атқарушы продюсері Дәурен Дариябек, «Астана» телеарнасының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Ришат Асқарбекұлы («Үздік ұйымдастырушы»), «Алматы ақшамы» газетінің аға қызметкері Сәрсенбек Бекмұратұлы («Үздік қаламгер»), т.б. журналистер марапатталды.
«Сіздерге айрықша алғысымды білдіргім келеді. Мүфтиятта қаншама ізгі іс-шаралар ұйымдастырылып, қайырымдылық жобалар жүзеге асуда. Осы жұмыстарды халыққа жеткізуде, Исламның асыл құндылықтарын насихаттауда белсенділік танытып, жанашырлық білдіріп келесіздер. Алла разы болсын!
Байқап отырсаңыздар, қазіргі уақытта батыстың ақпарат құралдары Ислам дініне қатысты жағымсыз пікір таратуға тырысып бағуда. Терроризм деген атауды асыл дінімізге теліп, Исламды үрейдің діні деп түсіндіруде. Бұл – дұрыс емес. Мен мұны дінімізге жасалған қиянат деп санаймын. Сондықтан біз осындай ақпараттар легін Ислам туралы объективті жаңалықтармен тойтарыс беруіміз қажет», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚМДБ баспасөз қызметі