ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық қоры» су тасқынынан кейінгі әлеуметтік көмек жұмыстарын жалғастыруда. Қор атынан «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының тұрғыны, жалғызбасты ана Асылай Наурызқызына жаңа баспана кілті мен пәтерге қажетті жабдықтар үшін 500 мың теңге табысталды.
Осылайша жалғызбасты анаға «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен кезекті 771-баспана беріліп отыр.
«Елімізде орын алған күрделі жағдайда «Зекет және қайырымдылық» қоры зардап шеккен елдімекендерге жедел әлеуметтік көмек түрлері мен оларды сараптау, тасымалдау қызметтерін атқарып келеді. Діннің жартысы қайырымдылық, жақсылық жасау дейміз, сондықтан осындай күрделі кезеңде бей-жай қарамай, көмек қолын созу әрбір мұсылманның борышы екенін ұмытпайық. Алла Тағала елімізге амандық, ынтымақ бергей!» деді қор директоры Мақсатбек Мақсотұлы.
Игі шарада Батыс қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы Қаратөбе ауданы тұрғынын жаңа баспанасымен құттықтап, отбасына береке тілей отыра жылы лебізін білдіріп өтті.