Астанада "Арман" ("Азия Парк" СҮ) кинотеатрында Жанна Балақаеваның "Балаларға өмір сыйла!" атты деректі фильмдер сериясының кезекті шығарылымы таныстырылды.
Аталмыш шығарма «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының "Балаларға өмір сыйла!" деп аталатын акциясы аясында түсірілген. Бұл 2007 жылдан бері түсірілген төртінші фильм.
Шараға фильмнің басты кейіпкерлері болған балалар және олардың ата-аналары, еріктілер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, көмек көрсеткен дәрігерлер мен компаниялар қатысты.
"Олардың өмірлері ерекше, жанға жылу сыйлайды. Фильмде түрлі оқиғалар бар, бірақ оның баршасы көрерменнің көңіл шерін қозғамай қоймайды және өз өміріңе басқа қырынан қарауға итермелейді. Фильмнің әрбір кейіпкері "Жетімдерсіз Қазақстан" ұғымына өздерінің үлестерін қосты", - деп атап өтті «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры Аружан Саин.
Мысалы, Ақмола облысы Кенесары ауылының тұрғыны Мұрат Қабылбаев пен оның зайыбы Орынбасар түрлі ұлттан 11 баланы асырап алған. Қапшағайдағы Мария мен Андрей болса, ауыр сырқатқа душар болған 16 баланы өлім аузынан аман сақтап, оларға отбасы бола білді. Елена есімді заңгер ана жылуынан үзілген Ринатқа аналық мейірім сыйлады. Талғарда тұратын Марина "Ковчег" атты отбасы үйінде 55 жетімді бағып-қағып отыр.
Жанна Балақаеваның айтуынша, фильм желісі тағдырлары тоғысқан жандардың, жетімдер үйінде өскен балалардың, оларға жылу сыйлаған әке мен ананың әңгімелері мен естеліктерінен тұрады.
"Мен ешқашан ондай трагедияны бастан кешкен емеспін. Арамызда көпшілігіміз сияқты көп естігенім ғана болмаса. Бірақ балаларға барып, олардың жанарындағы мұңды көргенде, бойыңа қорқыныш ұялайды. Өкінішке орай, фильмнің ұзақтығы 65 минут қана. Оған айтуға тұрарлық әлі қаншама оқиғалар кірмей қалды. Оның үстіне жетімдер үйінен шыққан түлектердің басым бөлігі қоғамның түсінбеушілігіне ұшыраудан сескеніп, камераға түсуден бас тартты", - дейді Ж. Балақаева.
Аружан Саинның атап өткеніндей, аталмыш туынды "Самұрық-Қазына" қорының және танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың жеке қорының демеушілігімен шыққан.
"Ермек Тұрсынов балаларға көмегін аяған емес. Ол онкологиялық орталыққа барып, ондағы балақайларды қуаныш бөлеп, оларға түрлі кәде-сыйлықтар таратып жүрді. Бүгінгі туынды да "Самұрық-Қазына" және танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың жеке қорының демеушілігімен түсірілді", - дейді ол.
Кинотеатрда арнайы тілек билборды тұрды. Кинодан әсер алған кез келген көрермен сонда фильм кейіпкерлеріне, жетім балаларға жүрекжарды тілектерін жазып, бала асырап алуды ойлап жүрген екіойлы азаматтарға өз үндеулерін қалдыра алады. Ұйымдастырушылар сол үндеулерден бейнеролик жасап, жетімдер үйін паналаған балаларды асырап алуға жүректері дауаламай жүрген қазақстандықтарға тағы да ой салуды көздеуде.
"Мен сияқтылар жетімдер үйінде көп болды. Біз топпен ұйықтадық, топпен тамақтандық. Кейде қас қарайғанда, ұйқыға кетер алдында, күндізгі үрей мен күйзелісті бір сәтке болса да ұмыту үшін біз арманға шомып кететінбіз. Әрине барлығында бір ғана негізгі арман болатын. Түсімде мен ата-анамды, ағаларымды және әпке-қарындастарымды көретінмін. Сол сәтте ұйқыдан оянғың келмейтін", - дейді фильм кейіпкерлерінің бірі Азиз Заиров.