ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Қолдан-қолға» жобасы аясында Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алып жатқан Маңғыстау өңірінің студенттеріне зекет таратылды.
Аталмыш іс-шарада Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы 80-нен астам шәкіртке 2 000 000 теңге көлемінде зекетті табыстап, білім жолында сәттілік тіледі.
«Біз осы орайда «Жас маман, ауылға қадам бас, маман» жобасын жүзеге асырып келеміз. Осы бағытта жас діни мамандарды ауылға қызметке тартудың кешенді бағдарламасы әзірленуде. Мақсатымыз – ауылдағы мешіт жұмысын жандандыру. Ауылға діни қызметке баратын жас мамандардың әлеуметтік мәселесін толық шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Алла қаласа, қолға алған бұл жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асады деген үміттеміз, - деді.
Сондай-ақ Жаңаөзен, Бейнеу, Қарақия, Мұнайлы, Маңғыстау аудандарының бас имамдары шараға қатысып, шәкірттерді елге қызмет етуге шақырды. Шәкірттер оқуды тәмамдаған соң жұмысқа тарту бойынша ұсыныстарын бөлісіп, келген қонақтар түлектердің толғандырған сұрақтарына нақты жауаптар берді.