Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылықты - мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайыр садақа берумен де көрініс табады.
Рамазан айында жақсылықта жарысып, көбірек қайырымдылық жасау мақсаты қолға алынған болатын. Игі ниетпен "Кеңесхан қажы" мешітінің шәкірттері 4 отбасыға 1 қой етін үлестіріп, киім- кешек пен азық-түлік таратты.
Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған көпбалалы келіншекке 76 000 қаражат жиналып, табысталды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі