Біз бұған дейін АҚШ-та белгісіз бұзақылардың қастандығына ұшыраған мешітке қолындағы бар жиған қаражатын сыйға тартқан 7 жасар бала туралы жазған болатынбыз. Джек Свонсон есімді үлкен жүректі балақайға қатысты жаңалық легі жалғасын табуда.
Дүниеге пәк көңілмен қараған баланың бұл ісіне риза болған жергілікті мұсылмандар оны арнайы марапаттауды жөн санады. Олар Джекке өзі армандаған Apple планшетін сыйлады. Себебі, Д.Свенсонның өзі мешітке берген ақшасын осы iPad-ты сатып алуға жиып жүрген еді.
«Бұл бар-жоғы 20 $ болғанымен, Джек оны центтеп жинап келді. Оның 20 $-ы мен және біздің мұсылман қауымы үшін 20 млн $ болып бағаланады» дейді Ислам орталығының директоры Фейсал Наим.
Сондай-ақ, Техас штатында жарық көретін Ислам журналының редакторы әрі заңгер Арсалан Ифтиха 7 жасар баланың жасаған қайырымдылығын естігенде еріксіз көзіне жас алған көрінеді. Редактор дереу баланың анасына хабарласып, оған сыйлыққа iPad планшетін жібереді. Сыйлыққа қосқан тілек хатында А.Ифтиха: «Сенің ақжүрегің мен мейірім тұнған көңілің үшін осы планшетті игілігіңе пайдалануыңа ұсынамын. Саған риясыз рахмет білдіреміз. Ізгі тілекпен: Америка мұсылмандары қауымдастығы» деп жазады.