Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды кезең – қадір түні. Ал адамның ең қорқынышты кезеңі қабірге орналастырылған кезі. Қадір түнін құлшылықпен өткізу, қабірдің жарқырап, нұрлануына жол ашады. Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты».
Қадір түні өзінің осындай атауын Ұлы Алланың алдындағы алатын ұлы дәрежесі мен басқа күндер мен түндердің алдындағы артықшылығы үшін және бұл түні адамдардың өмір мерзімі мен несібелері, жыл бойы орын алатын нәрселер тағдырға жазылатындығы себепті алған.
Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады».
«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құранда:
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ
«Қадір түні мың айдан да қайырлы», - деп баяндалады.
«Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда:
تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ
«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», - деп баяндалады.
Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жәбірәйіл (ғ.с.) алғашқы уахи түсіргенде, ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жаны сығылғандығы белгілі. Негізінде, Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.
Осынау қасиетке толы қадір түнінде көптеп дұға жасап, өзімізді құлшылыққа арнайық. Өйткені ол мүмкіндік уақыты. Өзіңді реттеп, Аллаға жақындайтын бір сәт, дұғалар қабыл болатын бір сәт қажет деп пенде көңілін түйеді. Міне дәл осы сәт қадір кеші.
Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей. Алла Тағаладан қасиетті Қадір түнінде еліміздің амандығы мен тыныштығын тілеп, су тасқынынан зардап шеккен халқымызға жеңілдік сұрайық. Жаратушы Иеміз қазақ еліне жар болғай! Әмин!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы