Рамазан - тәлімі мол ай

Рамазан - тәлімі мол ай

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Айлардың сұлтаны Рамазан айында бұл айдың қадір -қасиеттері жайында қанша айтсақ, еш тауыса алмаспыз. Дін ғалымдары бұл ай жайында әркез терең ойлармен, өзіндік игіліктерін қағаз беттеріне түсіріп кеткен екен. Бұл ай несімен берекелді, нендей қасиеттер мен нығметтерге толы? Неге адам баласы осы бір Рамазан айында көтеріңкі көңіл күйде болады? деген сияқты сауалдардың аясында жауаптарын кезекті мақаламыз арқылы жеткізгені жөн санадық. Әр иманды адамның бұл айда көңіл күйлері көтеріңкі халде болады. Өйткені, ол өмірдегі өзінің ең негізгі мақсатымен шұғылданып жатқандығын байқайды. Оның мақсаты Раббысына ғибадат қылып, разылығын табу. Өйткені Алла Тағала айтады:

"Мен адамзат пен жындарды өзіме құлшылық қылу үшін жараттым" дейді. (Зарият сүресі, 56-аят).

Мүмін пенде бұл айда ғибадатқа көбірек беріледі. Сол арқылы оның жүрегі тыныштық табады, әрі иманы да қуатталады. Бұл қасиетті айға жеткізген Раббысына тәу етіп, ең алғашқы қадамын шүкіршілік жасаудан да бастайды екен. Жалпы Рамазан айы мен оның оразасы мағына жағынан қарайтын болсақ, түсіне білген әр пендеге көптеген ойлар салады.

Ибраһим ибн Әдһам хазреттен:

-Рамазан айын қалай өткізгеніміз дұрыс деп сұраған кезде,

мынадай ғып қысқа әрі анық жауап беріпті:

-Ашықтарды жап, жабықтарды аш!

Мысалыға айтар болсақ,

Ауызды жап, құлақты аш!

Сараңдықты жап, жомарттықты аш!

Жалқаулықты жап, қайраттықты аш!

Ғайбатты жап, жақсы күмәнді аш!

Пайдасыз істерді жап, нәпіл ғибадаттарды аш!

Омар ибн Абдулазиз рахимаһуллаһ) өзінің бір сөзінде: “Намаз саған жәннаттың жолын көрсетсе, ораза оның есігіне алып барады, ал садақаң сені ішке алып кіреді",- деген екен.

Алланың кешірімі. Бұл айдағы сауапты істердің тағы бірі ол - кешірімділік. Кешірімді болу, екі мұсылман арасын жарастыру, бауырмашылықты сақтау, маңайындағы дарға мейірімділік таныту деген сияқты амалдарды да көбірек жасауға әрекеттесетін болсақ, дұғаларымыз тезірек қабыл болады екен. Осы айды өз игілігіңіз үшін өткізуге тырысып бағыңыз. Өйткені Алла Тағала Құранда: "Кешірімді бол, жақсылыққа шақыр және надандардан бет бұр" деп бұйырады. (Ахқаф сүресі, 199 аят).

Бұрынғы ізгілер Рамазан айын қалай өткізген еді? Муәлла ибн Пазыл айтады: "Бұрынғы әулие бабаларымыз Рамазан айы кірерден алты ай бұрын Алла Тағаладан Рамазан айына амандықпен жеткізуін сұрап дұға ететін еді. Ал енді Рамазан айынан соң бес ай бойы ораза айында жасаған ғибадаттарының қабыл болуын сұрап, дұға етіп жүрер еді".

Суфиян Сәури Рамазан айы басталуымен басқа шаруаларын ығыстырып қойып, Құран тіләуат (хатым Құран) етуге кірісетін болған екен. Сол үшін де құрметті оқырман, бұрынғы даналардың жолындай етіп, ораза айының әр күнін бір ғанимат деп санап, шамамыз келгенше сауапты істермен өткізгеніміз абзал екен. Қасиетті айдың сан қырлы пайдалары мен қадір қасиеттері көп. Дегенмен, шамамыз келгенше, азды-көпті білгендерімізді сіздермен бөліскенді жөн санадық.

Алла Тағала бұл айда ұстап жатқан оразаларыңызды қабыл етсін!

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: