РАМАЗАНДАҒЫ УАҚЫТТЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

РАМАЗАНДАҒЫ УАҚЫТТЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күллі мұсылманды сағындырып жеткен Рамазан айы несімен ерекше? Неге исі мұсылман осы бір айға ынтық, бұл айды неге сарыла күтеді?  Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Рамазан айы – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүниенің бақытының кілтін ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбарак айымыз. Бұл ай барша адамзат баласына өз рахметі мен қайталанбас күнге толы нығметін алып келеді. Құран Кәрімнің «Зумар» сүресінің 10-шы аятында «Сабыр қылушылар сауаптарын есепсіз алады», – деген. Ораза сабырлықтын жартысы болады, сауабы есептеуге келмейді.  Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ тағала: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аят білдіреді.

Ораза бар болғаны 29-30 күнге созылады, қасиетті ай бізбен 1 ай ғана бірге болады. Сондықтан бұл кезде уақытты тиімді пайдаланып, қадірін білу аса маңызды.  Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі.  Жыл-он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс. Алла Тағала Өзінің қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен рамазан айын таңдаған екен. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен. Өткізіп жатқан бір күнімізге назар салайықшы. «Бүгін мен не істедім? Осы қасиетті айда тақуалыққа жетіп, сауапқа кенелуге, өз-өзіммен жұмыс жасауға көңіл бөліп жатырмын ба? Бізбен 30 күн, 720 сағат қана болатын мүбәрак айды пайдама жаратып, Раббымызға жақындай алдым ба? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызда, уақыт біз үшін қасқалдақтың қанынан қымбат. Дәл осы асыл дүниеміздің қадірін біліп жүрміз бе? Алладан қарызға алған уақытты ақыреттің пайдасына немесе фәни тіршілігімізге керегінше жаратудамыз ба? «Ей, Адамның ұрпағы, сен – бұл сенің күндерің. Күнің өткенде, онымен бірге сенің өмірің де кетеді» (Хасан Әл-Басри) дейді.

Рамазан уақыты басқа уақыттардан қарағанда неге маңыздырақ?

1.     Бұл айда сауаптар еселенеді.

Имам Мүсілім таратқан риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Даңқты да ұлы Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық». Хадисте былай делінген: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай». Атақты ғұлама Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Латаифул-маъариф» атты кітабында былай дейді: «Ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша. Пайғамбар (с.ғ.с): «Менің мешітімде оқылған бір намаз әл-Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық», – деген. Қасиетті мешіттерде орындалған ғибадаттардың сауабы да үлкен.

Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген». Басқа бір хадисте адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с): «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.

2.     Азғырушы шайтандар кісенделеді.

Тирмизи таратқан тағы бір риуаятта адамзаттың асыл төресі (с.ғ.с) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай тарқатады: «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары тарс жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады».

  1. Рамазан айында жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады.
  2. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

هذا شهر رمضان جاءكم تفتح فيه أبواب الجنة وتغلق فيه أبواب النار وتسلسل فيه الشياطين

«Бұл келген Рамазан айы, онда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», – деген.

 

5.     Кешірім айы.

Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

6.     Жүрек тазарады.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Күнделікті бес уақыт намаз, жұма намазы келесі жұма намазына дейін, рамазан оразасы келесі рамазан оразасына дейін осы аралықтарда жасалған күнә-қателіктерді, егер пенде үлкен күнәлардан сақтанса, кетіреді», – деген.

7.     Барлық періштелер жерге түседі.

Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4) – деп бұйырылады. Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» (Ахмад, 10316) деп хабарлайды.

Олай болса, ақылды адам ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмаса керек. Баршаңызға осы қысқа ғана бір айда барынша ихсан дәрежесіне жетіп, Рамазанды өз деңгейінде өткізуді жазсын!

 

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active