Барлық амал, іс-әрекет тек Алла разылығы үшін жасалуы қажет. Адам баласы Алла разылығы үшін жақсы амал жасап немесе тыйым салынғаннан бойын аулақ салса, яғни басқа қызығушылық пен арам пиғылдан ада адал ниет, шын пейілімен амал жасауы шынайылық болып табылады. Ал әлдебір адамның көңілін табу үшін немесе адамдардың алдында өз беделін арттыру арқылы Тозақ отынан құтылып, Жұмаққа қол жеткізуге талпынған, яғни Алла разылығы үшін деген шын пейіл-ниеті болмаған жанның жасаған амалдарының барлығы шынайылық болып табылмайды. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) айтқандай: «Барлық амал ниеттен», яғни дұрыс, таза ниетсіз болған кез-келген амалдың Алла алдында құны жоқ.
Тек Алла разылығы үшін болған амалдар ғана Қиямет күні бізге пайда бере алады. Асқан шынайылық танытқан адамдар ғана Алла Тағаланың көмегін сезіне алады, өйткені Жаратушы адал адамдарға жәрдемдеседі. «Ниет» сөзінің араб тіліндегі түбірі – «холис», бұл сөз «мінсіз таза» деген мағынаны білдіреді. Қасиетті Құранның «Нахл» сүресінің 66 аятында Алла Тағала сиырдың сүтінің мінсіз тазалығына қатысты «холис» сөзін қолданған: «Шын мәнінде сендер үшін малдар да, ғибрат бар. Малдың қарнындағы қанымен жынның арасынан шыққан ішушілерге сүйкімді нағыз сүтті сендерге ішкіземіз» (16:66). Сүттің ішіне кішкене ғана қыл-қыбыр түссе ашып кететні сияқты, ниетке Алла разылығынан басқа нәрселердің, тіпті шыбынның қанатындай бөлігі араласса да біздің амалымыз зая кетті дей беріңіз. Ислам ғұламасы Фудаил ибн ‘ияд: «Адамдарға бола амалдарды тәрк ету – рия. Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу, ал ықылас – осы екеуінен де таза болу», - деген. Ықылас – істеген амалына Алладан өзге куәларді талап етпеу. Алла Тағала бұл турасында Құранда: «Олар Аллаға шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген» - деген (98:5). Ал келесі аятта Алла Тағала: "Ол (сондай Алла) сендердің қайсыларың амал қылуда жақсырақ екенін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», -деген (67:2). Осы аяттың "амал қылуда жақсырақ" - деген бөлігі туралы Фудайл ибн ‘ияд: "Амалдың жақсырағы – ең ықыласты және ең дұрыс болғаны"- деп түсіндірме берген. Сонда қасында отырғандар одан:
- Ей, Әбу Әли! Амалдың ең ықыластысы және ең дұрысы қандай болады? - деп сұрады. Сонда ол кісі: "Егер амал шынайы ықыласпен жасалынып, бірақ дұрыс болмаса қабыл етілмейді. Керісінше дұрыс болып, бірақ ықылассыз жасалынса және қабыл емес. Амал ықыласты және дұрыс болғанда ғана қабыл етіледі. Амалдың дұрыс болуы дегеніміз - сүннетке сай келгені, ал ықыласты болғаны – Жалғыз ғана Алланың разылығы үшін орындалғаны", - деп айтты да сол сөзіне дәлел ретінде “Каһф” сүресінің 110–шы аятын оқыды: «Кімде–кім Раббысына жолығуды үміт етсе, салихалы амалдар жасасын және Раббысы үшін болған ғибадатында Оған ешкімді ортақ етпесін!» Демек, амалдарын орындау барысында оның нәтижесін тек жалғыз ғана Алладан үміт етіп, адамдардан дүниелік мақсаттарды күтпей орындасын.
Алла Тағала Оның разылығы үшін жасаған, жасап жүрген әрі санаулы күндерде келіп жететін Рамазан айында жасауға ниет етіп отырған жақсы амалдарымыздың бәрін қабыл еткей. Әмин.