Бүгін Ислам мәдениетінің астанасы аталған Алматы төрінде өтіп жатқан «Келісім мен жасампаздық – Орталық Азиядағы Исламның дәстүрлі негізі» атты халықаралық форумда ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы терроризм ұғымына анықтама берді.
«Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:«Мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді,» – деген.
Діннің осындай ең қарапайым қағидаларынан хабарсыз адам кім үшін, не үшін соғысып жүргенін білмейтін дәрежеге жетті. Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Алла Тағаланың өзінің соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында былайша баяндалады: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік», – деген», – деп атап өтті бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Халықаралық форумда Ислам ғалымдары мұсылман өркениеті мен Орта Азия халқына ортақ дәстүрлі діннің мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнату жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салады. Сондай-ақ, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттап, ортақ мәдени мұралар мен ел руханиятын қайта жаңғырту мәселелерін талқыламақ.