Дубай полициясы өз өміріне көңілі көншімейтін тұрғындардың үйіне қоңырау шалып, мәселенің мәнісін шешуге күш салмақ.
Қазіргі уақытта әмірлікте SMS-сауалнама арқылы қоғамдық пікірге сараптама жүргізілуде. Айта кетейік, бұл 2021 жылға дейін Дубай шаһарының әлемдегі «Бақытта қалалар 10-дығына» енгізу мақсатында қолға алынған шара.
Дубай тұрғындарына араб және ағылшын тілдерінде «Сіз Дубайда өзіңізді бақытты санайсыз ба?» деген хабарлама жіберілді. Жауап нұсқалары қатарында көңіл-күй белгісін білдіретін смайлдар да ұсынылған. Тәртіп сақшылары сауалнаманың алғашқы күнінде-ақ 200 000 жауап алғанын хабарлады. Онда сауалға жауап бергендердің 84%-ы өздерін бақытты сезінетінін, ал 6% бейтарап жауап берсе, 10%-ы бақытты еместіктерін айтқан.
«Егер бұл мәселе біздің құзыретімізде шешілетін болса, көмегімізді аямаймыз. Ал өзге мемлекеттік мекемеге тиесілі болса, тиісті орынға бағыттаймыз» дейді Дубай полициясы басшысы Хамис Маттар әл-Мазейна. Ол сондай-ақ, азаматтардың жеке бас мәселелерін шешуге араласпайтындығын да атап кетті.