"Һибатулла Тарази" мешітінде 80 шәкірт Құранға түсті

"Һибатулла Тарази" мешітінде 80 шәкірт Құранға түсті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Қасиетті кітаптың бұл дүниедегі пайдасы қаншалықты көп болса да, мәңгілікке созылатын ақыретіміздегі пайдасы да шаш етектен. "Һибатулла Тарази" мешіті Сауат ашу курсының шәкірттері осы Құранды арабшадан оқып, сауаптарға кенелу бақытына ие болды. Олай дейтініміз, мешітте білім алып жатқан 80 шәкірт Құранға түсті. 

Айтулы шараның құрметіне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева мен ұстаз Жібек Қолағұлованың ұйымдастыруымен рухани "Құран кеші" өтті.  Қасиетті аяттармен ашылған жиын барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев сөз сөйлеп, Құранның құрметі туралы насихатын айтып, бата берді. 

Шәкірттер Алла елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат әнін жолдап, Абай мен Шәкірімдей ұлық тұлғалардың діни өлеңдерін оқыды. Ұстаздар Құран жайлы көптеп уағыз айтып, оны оқуға деген көпшіліктің ықыласын арттырды. Домбырада өнерлі қыздар күй тартып, мән-мағынаға толық қойылымдар қойылды. 

Діни білімді пысықтау мақсатында сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, жеңімпаздарға "Elkan" өнімдері ұсынған сый-сыяпаттар табысталды. 200-ге жуық әйелдер жамағаты жиналған шараға ақ жаулықты әжелер алқасы да арнайы келіп қатысты. Ұстаздар қоғамдағы дінге қайшы кейбір психологиялық ұғымдарды айшықтап, жамағатты ата-ананы еш себепсіз жақсы көріп, алғыс айтуға үндеді. 

Құранға түскен 80 шәкіртке Облыс бас имамының алғыс хаты мен Құран Кәрім кітаптары сыйға тартылды. Шәкірттерді Тараз шаһарының ұлағатты ұстаздары Зейнеп Үсенова мен Жайна Бекназарова марапаттады. Мұндай қуанышты сәтте жауапкершілікті сезінген шәкірттер көздеріне жас алды. Кештің киім үлгісі болған ұлттық киімдерді киген нәзік жандылар бір-біріне дұға-тілектерін жаудырып, ерекше әсермен тарқасты. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: