Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Алла тағала мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше айлары мен күндері бар. Қасиетті айлардың алғашқысы болып Ережеп айы саналады. Одан кейін Шағбан мен Рамазан айлары келеді. Олардың діни ерекшеліктері жөнінде талай деректер бар. Құран мен Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.а) Хадистері мен сахабалардың айтқан сөздерін негізге ала отырып түйіндейтініміз, дініміздегі ерекше саналатын айлар, күндер мен түндерді шариғаттың рұқсат еткен шарттарына сәйкес өткізе білуіміз қажет.Дініміздегі қасиетті күндер мен түндердің көбі, яғни, рағайып, миғраж, бәраат, қадір түндері де осы айлардың ішінде. Осы жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.а) : «Ережеп Алланың айы, Шағбан менің айым, Рамазан үмбетімнің айы», - деген. Биыл Ережеп айы ақпанның 03-нен басталады. Осы ай басталған кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, ешкімге тимеуге тырысатын. Адамзат тарихында қайталанбас мұғжиза болған миғраж оқиғасы осы Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні болған. Сол түні Хазіретті Пайғамбарымыз (с.ғ.а) Меккеден Құдысқа, ол жерден жеті қат аспанға көтерілген.
Ай күнтізбесіндегі 12 айдың төрт айы қасиетті айлар болып табылады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.а) оның үшеуінің: Зилқағда, Залхижжа, Мухаррам, ал төртіншісі Ережеп болып келеді деген.
Қасиетті айларда бір күн ораза ұстап, бір күн ауыз ашқанның артықшылығы көп деп бұйырған ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.а). Пайғамбарымыз (с.ғ.а) осы ай басталғанда:- Ей, Аллам! Ережеп пен Шағбанды бізге мүбәрәк еткейсің. Бізді Рамазанға қауыштыра көр, - деп дұға еткен.
Ережеп айында нәпіл ораза ұстауға болады. Яғни, Ережеп айының 13,14,15 күндері ораза ұстаған дұрыс. Ал бір айлық оразаны Рамазан айында ұстаған парыз.
Алла Тағала Ережеп айындағы жақсы амалдарды көп еселендіреді. Бұл айда бір күн ораза тұтқан адам бір жыл ораза тұтқан сияқты сауап алады. Жеті күн ораза тұтқан адамға жаһаннам есіктері жабылады. Сегіз күн ауыз бекіткенге жәннәттің сегіз есігі ашылады. Он күн ораза ұстаған адамға Алла Тағала сұрағанын береді. Он бес күн ораза тұтқан адамныңөткен күнәлары кешіріледі.
Қасиетті айлардың артықшылықтары жайында ғалымдар: «Рағаиб түні, Шағбан айының 15-ші түні, жұма түні, Рамазан айтының түні және Құрбан айтының түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды», - деген.
Алла Тағала Нұх пайғамбарды (ғ.а) Ережеп айында кемеге мінгізді. Ол да Ережеп айында бүкіл жанұясымен бірге ораза тұтты.
Осы Ережеп айында мүбәрак екі түн : Рағайып пен Миғраж түндері өтеді. Рағайып түні биыл қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні. Бұл түнде хазіреті Әмина анамыз бен хәзіреті Абдулланың неке қиған түні. Осы түнде Пайғамбарымыз Мухаммед Мустафаның (с.ғ.с) нұры Әмина анамыздың құрсағына түскен түн.
Осы Ережеп айындағы рағайып түнінде жер бетіндегі барлық мұсылмандар күндіз ораза ұстап, мұқтаж адамдарға көмек көрсетеді. Ал түнде Раббысын зікір етіп, нәпіл намаздар оқиды. Бұл түні «Рағайып» сөзінің өзі айтып тұрғандай адамдардың қажеттері өтеліп, қалаулары берілетін түн.
Осы Ережеп айындағы ақпанның 07-нен наурыздың 08-не қараған түн – Миғраж түні. Осы айда Алладан екі дүниемізге де қажеттінің барлығын тілеп, дұға ету абзал. Сауапты амалдар орындау, мысалы, туыстарымызбен, достарымызбен жылы қарым-қатынастар жасау. Біреулермен ренжіскен болсақ татуласып, ауру жандар мен қарт кісілерге қол ұшымызды созып, жетімдер мен жесірлерге қамқорлық жасап, кедейлер мен міскіндерге көмек көрсетіп, Рамазан айының жақындағанын сезінетіндей амалдар жасауымыз қажет.
Миғраж сөзінің мағынасы: «Көтерілу, биікке шығу, рухани дүниенің шыңына жету» деген мағыналарды білдіреді. Осы түні қасиетті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла Тағаланың шексіз құдыреттеріне куә болған киелі сапар жасады.
Ол 621 жылы, Меккеден Мәдинаға һижра жасамастан бір жарым жыл бұрын, Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні Жәбірейіл періште пырақпен Пайғамбарымызды (с.ғ.а) Меккеден Құдыс шахарына апарып, Ақса мешітінде намаз оқытып, одан кейін көкке көтерген. Бұл құбылыс Жаратушының рұқсатымен болған таңғажайып кездесу еді. Бұл түн барлық мұсылман мемлекеттеріндегідей біздің елімізде де ерекше аталып өтіледі. Осы түні Жаратушы иеміз ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.а) ешбір періштенің жете алмаған мақамдарына көтерген. «Миғраж» оқиғасы басқа пайғамбарларға нәсіп болмаған. Тек біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ғана бұйырған ең үлкен мұғжиза болған. Миғраж оқиғасы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Жәбірейілмен болған сапарындағы көкке көтерілген сәтіндегі көктің әр қабатындағы өзіне дейінгі болған пайғамбарлармен дидарласқаны туралы өзінің хадистерінде айтып кеткен.
Ережеп айының мұсылмандар үшін ең үлкен ерекшелігі: Алла Тағала осы түнде адамзатқа 5 уақыт намаз оқуды парыз етті. Сонымен қатар Аллаға серік қоспаған жандарды кешіретінін сүйіншіледі. Ертең не болатынын бір Алладан артық ешкімнің білмейтінін ардақты Пайғамбарымызбен оның саһабалары бар әлемге паш етті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қасиетті Ережеп айының басында бір күн, ортасында бір күн, соңында бір күн ораза ұстаған адамға Ережеп айының барлық күндерінде ораза ұстағандай сауап беріледі», - деген.
Алла барлық адамдарға амандық, саулық берсін. Елімізде тыныштық, жерімізде береке болғай!
Абдразахов Азамат Берікұлы
Меркі ауданның Бас имамы