Сауд Арабиясының Ұлттық антинаркотикалық комитеті төрт бірдей арақ зауытының жұмысын тоқтатты, деп жазады Saudi Gazette.
Аталған зауыттар корольдіктің бірнеше қаласында заңсыз алкогольді ішімдік өндіріп келген.
Ұлттық антинаркотикалық комитеттің бас хатшысы Абдулилах Аш-Шариф жасырын зауыттар Эр-Рияд, Джидда, Даммам мен әл-Хардж қалаларында жұмыс істегенін хабарлады.
Жасырын фабрикаларда өндірілген алкогольді ішімдіктердің түсін өзгерту мақсатында Dettol гигиеналық затына араластырылған. Сондай-ақ, амфетамин есірткісі бар химиялық қоспалар да қолданылған. Құзыретті орган өкілдері ұсталынған кәсіп иелерінің көпшілігі Сауд Арабиясының азаматтары екенін айтуда.
Дегенмен, Saudi Gazette неше адам қамауға алынғанын ашып жазбады. Айта кетсек, Сауд Арабиясында алкогольді ішімдік пен есірткіні тұтынушылар негізінен 20-30 жас аралығындағы азаматтар. Алла арам еткен өнімді ең көп қолданушылар ел астанасы – Эр-Риядта тіркелген.