Атырауда имамдарға арналған арнайы дәріс өтті. Семинар барысында Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келген «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінің ұстаздары дәріс оқыды.
Атап айтар болсақ, аталған білім ордасының проректоры, ҚМДБ жанындағы Ғұламалар және Сарапшылар кеңесінің мүшесі Қайрат Құрманбаев және Нұр-Мүбарак университетінің ұсазы, белгілі ғалым Ерлан Ақатаев имамдарға дәріс оқып, тәжірибелерін бөлісті.
Имамдардың жамағат алдындағы мәдениеті тақырыбында өрбіген семинарда дін қызметкерлерінің қоғамдағы орны туралы айтылды.
«Сіздер қасиетті Құранға амал етіп жүрген адамсыздар. Сіздер тау көтере алмайтын Құранды көтеріп жүрсіздер. Имам өзінің сөзімен де, ісімен де қоғамға үлгі болуы керек. Қазіргі кезде имамдарымыздың зияткер ұлт идеологиясын көбірек насихаттап, жастарды білім алуға, жан-жақты дамуға шақыруы маңызды. Себебі, Құран – өркениеттің, ғылымның тұтқасы» деді ғалым Қайрат Құрманбаев.
Ал, белгілі ұстаз Ерлан Ақатаев Алла Елшісінің өнегелі өмірінен мысалдар келтіре отырып, көркем мінезді болып, рухани көшбасшы болуға үндеді.
Іс-шара Атырау облысы дін істері басқармасы, «Жәрдем Атырау» корпоративтік қоры мен «Иманғали» орталық мешітінің ұйытқы болуымен өткізілді. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.