Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында екі жыл бұрын Ақмола облысы Шортанды ауданында үйі өртеніп қара жамылған шаңырақтың артында қалған 4 баласына елордадан екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.
Екі жыл бұрын газ баллоны жарылып, үш адам көз жұмған оқыс оқиға кезінде ұлы мен келінінен айырылған Сұраухан ата мен Әйнеш әже көңіл айта келген Бас мүфтиге өтініш білдіріп, артында қалған балаларына баспана алып беруін сұраған еді. Өрттен қаза тапқан отбасыға арнайы жылу жиналып, демеушілердің көмегімен су жаңа пәтер берілді. Қуанышқа ортақтасқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа баспанамен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
«Қазақта орнында бар оңалар деген даналық сөз бар. Қайғыны бөліссең азаяды. Екі жыл бұрын Шортандыдағы шаңырақта болып өздеріңізбен жүздесіп едік. Бүгін берілген уәдемізді орындайық, бір жағы балаларды қуантайық деп осындай жаңа баспана кілтін беріп отырмыз. Алла Тағала осы шаңыраққа қуаныш сыйлап, сәбилердің ендігі өмірі жақсылыққа толы болсын» деп Бас мүфти батасын берді.
Шаңырақтың үлкені Сұраухан ата өз кезегінде қуанышын жасырмай жақсылыққа себеп болған барша азаматтарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша жыл бойы 91, ал жалпы 715 баспана тарту етілді.