ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ БЕРУ: 4 ЛАЙФХАК

ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ БЕРУ: 4 ЛАЙФХАК

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгінде қоғамда қарыз алу мен оны уақытылы қайтару мәселесі өте өзекті. Қарызды қайтармай қашып, бой тасалау әдеттегі жағдайға айналып кеткендей. Негізі асыл дініміз Исламда адам баласының екі дүниесіне қажетті барлық мағлұмат қамтылған. Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде баянд алған мәселенің бірі – қарыз алу және оны қайтарудың әдептері толық айтылған.

Алайда көбіне амал ете бермейміз. Қарызды уақытында қайтармау салдарынан ағайын-туыс пен жақын-жуықтың жалпы таныс адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жатады. Сондықтан қарыз алу мен беруге байланысты бірнеше лайфхакты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

ҚАРЫЗДЫ ЖАЗУ

Қарыз беріліп жатқанда міндетті түрде қағаз бетіне түсіріліп, мүмкіндігінше екі куәгердің қатысуы және олардың да қол қоюы – құптарлық дүние. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Егер белгілі бір мерзімге дейін бір-біріңе қарыз бергенде, оны жазып қойыңдар. Араларыңда бір хатшы әділдікпен жазсын. Сондай-ақ хатшы Алланың оған үйретуі бойынша жазудан бас тартпасын. Борышты кісі хатшыға жаздырсын. Ол Раббысы Алладан қорықсын әрі қарызынан ешнәрсені кемітпей толық жаздырсын», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 282-аят).

Қарызды қайтаратын уақыт да қағаз бетіне түсірілуі қажет. Мерзімін жазу арқылы алушы жауапкершілікті шындап сезіне бастайды. Хатқа түсірілмесе, қайтаратын мерзімі мен сомасына қатысты дау туындауы әбден мүмкін. Берілетін қарыз ақша мөлшері көп болса, кепілге баспана немесе көлік құжатын уақытша ала тұрудың еш зияны жоқ.

 

НИЕТТІ ДҰРЫСТАУ

Мұсылман адамның амалынан гөрі ниетінің абзал екені хадистерде көп айтылған. Сондықтан біреуден қарыз алар кезде міндетті түрде уақытында қайтаруға ниет ету аса маңызды. Сонда Алла Тағалаға ісімізге жеңілдік жасап, мақсатымызға тезірек жетуге көмектеседі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім адамдардың мал-дүниесін қайтарып беру ниетімен қарызға алса, Алла Тағала одан (өз жәрдемімен) өтеп қояды. Ал, енді ниетінде жоқ қылуды (қайтарып бермеуді) қалаған болса, онда оны Алла шығынға ұшыратады», – деген. Демек «қарызды қайтарамын» деп тілмен айту жеткіліксіз. «Алған аманатыма қиянат жасамаймын» деп ниетін жүрекпен бекіту керек. Себебі қайтару әрдайым ыждағаттылықты талап етеді. Адамның ризығының тарылып, қарызын қайтаруға қауқарының жетпей қалуы – алғашқы ниетінің осалдығынан. Керісінше қарызды қайтармау ниетімен алсаңыз, оған жетудің түк «қи ындығы» жоқ. Кісі ақысын жеу – ауыр күнәнің бірі. Сондықтан қарызды қайтаруға барынша тырысу керек.

Қарыз – үлкен жауапкершілік. Сөзге келмей, жалындырмай, уақытылы қайтару – әдептілік. Қарызды қасақана кешіктіру ешкімге абырой бермейді. Керісінше қарыз берушінің сенімін жойып, көңілін суытады, екеуара қарым-қатынасы нашарлайды. Қарыз берген кісінің де жағдайын түсініп, оған да қаржы керек қой деп ойлау керек. «Бір тиын болса да, қарызын қайтару – көп алтын садақа беруден де жақсы» деген бұрынғы
өткен ғалымдар. Алла елшісінің қарызды қайтармаудың күнә екені туралы айтқан хадистерін тағы бір еске түсіре кетейік: «Қайтармау ниетімен қарыз алған адам, Қиямет күнінде Алла Тағаланың алдына ұры деген атпен келеді»; «Алған қарызын қайтарғысы келмеген адамға Алла Тағала Қиямет күнінде: «Бұл адамның ақысын сенде қалдырады деп ойладың ба?» – дейді де, ол адамның жақсы амалдарын алып, қарыз берген адамға береді. Егер қарызын қайтармаған адамның жақсы амалдары жоқ болса, оған қарыз берген адамның жаман амалдарын, күнәларын жүктейді; «Бай адамның (қайтаруға жағдайы бар адамның) қарызын өтемей, өтірік алдап жүруі зұлымдық болып есептеледі».

 

ҚАРЫЗ АЛМАУҒА ТЫРЫСУ

Мұсылман адам аса мұқтаждық көрмесе, тапқаны күнкөрісіне жетсе, өзгелерден қарыз алмағаны дұрыс. Лұқман хәкім: «Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы», – деп әдемі айтса, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – деген. Сондықтан адам алдымен ар-намысты ойлауы қажет. Ал қарыз сұрауды әдетке айналдырып, әрдайым адамдардан қарыз сұрай беру, өзгелерге қол жаю –дұрыс іс емес.

Қарыз сұрауға мәжбүр болған жағдайда ең жақын деген адамдардан сұраған жөн. Алайда жақын, дос адамнан қарызды көп сұрап, алыстап кетуден сақ болу керек. Халқымыздың «Досқа ауырлығыңды салма, достан қарыз алма», «Досыңнан айырылғың келсе, қарыз ал» дейтіні осыдан болса керек.

 

ДҰҒА ЖАСАУ

Мұсылманың қаруы – дұға. Алланы ұлықтап, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, шын ықыласпен дұға жасайтын болсақ және амал етсек, қарызды өтеуге үлкен мүмкіндік туады.

«Я, Алла! Мені халал еткен нәрселерің арқылы харам еткен нәрселеріңе жүгінуден сақтай гөр, әрі Өз кеңшілігіңмен мені Өзіңнен басқаларға мұқтаж етпе! («Аллаһуммә, әкфи-ни би халәликә ‘ан хәрамикә уә әғнини би фәдликә ‘аммән сиуәк!»);

«Я, Алла! Расында,мен Саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сарандық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығы мен адамдардың қыспағынан Өзіңе сиынамын!» («Аллаһумма! Инни әъузә бикә минәл-һамми уәл-хузни, уә әъузә бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уә әъузә бикә минәл-жубни уәл-бухл, уә әъузә бикә мин ғоләбәтид-дайн, уә қаһрир-рижәәл»).

Әрине бұдан өзге дұғалар көп. Басымызға іс түсіп, қарызданып қалғанда үнемі айта жүрсек, Жаратушы тығырықтан шығар жол көрсетеді.

 

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №11, 2023 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: