Расымен әйел қабырғадан жаралған ба әлде бұл жай тұспалдау ма?

Расымен әйел қабырғадан жаралған ба әлде бұл жай тұспалдау ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сұрақ: Неліктен әйел Адам Атаның (ғ.с.) қабырғасынан жаратылған?

Жауап: Аталмыш мәселеге ғалымдар түрлі жауаптар береді. Сол себепті бұл сұрақ төңірегіндегі түрлі көзқарасты қарастырып көрейік:

а) Әуелі осы мәселеге қатысы бар аятты келтірейік: «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шәксіз Алла (Т.) сендерді бақылаушы» (4:1).

Кейбір ғалымдардың айтуынша, осы аятта келтірілген «бір кісіден» деген сөз күллі адамдардың бір адамнан, яғни Адам Атадан (ғ.с.) жаралғанын білдіреді (Разы, Тәпсір).

Ал Әбу Мүслим әл-Исфахани, сондай-ақ, бірнеше муфассирлердің сөзіне қарағанда, «бір кісіден» деген сөз күллі адамдар Адам Ата (ғ.с.) жаратылған балшықтан жаралғанын білдіреді.

б) Жоғарыда келтірілген аятты былай да түсінуге еш кедергі жоқ:

«Алдымен Алла Адам Атаны (ғ.с.) жаратты. Содан кейін Ол Адам Атаны (ғ.с.) жаратқан балшықтан Хауа Ананы жаратқан» (Ибн ашур, Тафсир).

в) Әйелдің қабырғадан жаралғанына қатысты айтылған хадистердің бірінде былай келтірілген:

«Әйелдерге жақсы қараңыздар, өйткені әйел қабырғадан жаралған. Қабырғаның анағұрлым қисайып келетін жері оның жоғарғы тұсы. Сол себепті сіз оны түзеткіңіз келсе, онда ол міндетті түрде сынып кетеді, ал егер жайына қалдырсаңыз, онда сол қисық күйінде қала береді. Сондықтан әйелдерге жақсы қараңыздар» (Бұхари, Анбийа, 1; Мүслим, Рада, 61; Насаи, Никях, 15).

Аталмыш хадисте айтылғандай, Алла Елшісі (ﷺ) әйелдердің анағұрлым әсершіл жан екенін ескере отырып, өзінің сахабаларына әйелдерге жақсы қарауға әрі оларға қатысты сабырлық пен төзімділік танытуға кеңес беріп отырған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «әйел адам қабырғадан жаратылған» деген сөзді дәлме-дәл түсіну міндет емес. Негізі, бұл сөз Ибн Аббас келтірген Ибн Ысқақтың риуаяты себепті тарап кеткен. Аталмыш риуаятта былай айтылған: «Хауа Ана Адам Ата (ғ.с.) ұйықтап жатқанда оның сол жағындағы ең қысқа қабырғасынан жаратылған». Алайда имам Науауи бұл сөз бірнеше фақихтерге тиесілі деп, аталмыш риуаятты сенімді деп санамаған (Ибн Хаджар, Фатхуль-Бари, 9/253).

г) Жоғарыда келтірілген түсініктемелерді ескере отырып, әйел адам қабырғадан жаратылған деген сөз тек тұспалдау болып табылатындығын айтып өтеміз. Ибн Хаджар да осынау пікірді ұстанған.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: