Күндердің сұлтаны қасиетті жұма күні Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Төлегенұлы Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылдық «Темірбек баба» мешітінің жамағатымен кездесіп, «Ашу дұшпан» тақырыбында жұма насихатын айтты.
Ғалымбек Төлегенұлы: «Мұсылман адамның рухани кемелдігін, бойындағы биік адами қасиетін көрсететін сипаттардың бірі – ашуға ие болу. Өмір сынақ алаңы болғандықтан адам баласы қандай жағдай болмасын сабырлы болып, өзін ұстап, байыппен шешім қабылдауы тиіс.
Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 133-134 аяттарында Алла Тағала: «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей болған жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар –(тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген. Бұл аяттарда Алла Тағаланың жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгені баяндалғаннан кейін, тақуа құлдардың бірнеше сипаттары айтылған. Олар: таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретіндер, ашуларын ұстай алатындар әрі өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарағандар», - деді.



24 Қаңтар 2026
5 Шаабан 1447

