Жыл басынан бері имамдардың білімін шыңдау мақсатында көптеген семинарлар мен курстар болып өткен болатын. Сол алған білімдерін, имамдық қызметтегі жан-жақты тәжірибелерін ортаға сала отырып, Алматы облысында білімді де, білікті имамдар арасында «Зияткер имам» білім сайысы ұйымдастырылды.
Шараны облыс бас имамы Мадияр Тағайбайұлы ашып, имамдарға шараның маңыздылығы туралы сөз қозғай келе, дін қызметкерлеріне сәттілік тіледі. Имамдардың білім сайысына Phd доктор, Нұр-Мүбәрак университетінің аға оқытушысы Асқар Әкімханов, аталған оқу орнының аға оқытушысы, исламтанушы докторант Әбдіхалық Рахимов, «Үшқоңыр» медресе-колледжінің ұстазы Қайрат Қуатұлы және «Арын қажы» мешітінің ұстазы, қари Хусниддин Акбарұлы төрелік етті.
Имамдар арасында өткен білім сайысы ерекше өтті. Көп жарыстарда имамдар жеке-жеке бақ сынасатын болса, бұл жолы командалық түрде білім жарысы болды. Яғни Алматы облысының 9 ауданы мен бір облыс орталығынан 10 топ өзара мықтына анықтады. Әр топта 3 имам білімін ортаға салды.
Алматы облысы бойынша діни оқу-ағарту бағытына жауапты имам Сакен Еншібайұлы білім сайысына жүргізуші болып, сайыс ережелерімен таныстырып отырды. 3 кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар ақида, фиқһ, құран оқу ережелері, ислам тарихынан және уағыз айтудан шебер екендіктерін көрсетті.
Десек те, жарыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып үш топ озып шықты. Үшінші орынды Ұйғыр ауданынан келген имамдар иеленсе Қрасай ауданының имамдары 2-орынды қанжығаларына байлады. Ал бас жүлде, 3 умра қажылығын Еңбекшіқазақ ауданынан келген имамдар иеленді. Жарыстың соңында имамдар естелік суреттерге түсіп тарқасты.
Пікірлер (0)