Таяуда ғана ғарышқа ұшып келген қазақ халқының қайсар ұлдарының бірі Айдын Айымбетов өзінің туған жері Талдықорған қаласына ат басын бұрып, жерлестерімен жүздесті. Ғарышкермен тілдесуге «Жастар» спорт сарайына жиылған жұрттың қарасы мол болды, деп хабарлайды Талдықорған орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Бұл кеште Жетісу жұрты батыр ұлдарына «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын беріп, қала әкімі темір тұлпар тарту етті.
Осындай игілікке ие болған Айдын Айымбетов мұнан кейін Алланың үйіне арнайы келіп, Алла тағалаға шүкіршілік білдірді. Дүйім жұрт оған куә болды.
Өкіл имам Серікхан қажы Рымханұлы ғарышкер азаматты қарсы алып, қасиетті Құран аятын оқып, дұға жасады. Игі шарадан соң Меккеден арнайы әкелінген зәм-зәм судан дәм татқызып, қасиетті Құран Кәрімді сыйға тартты.
Өз кезегінде Айдын Айымбетов: «Құрметті жерлестер! Өздеріңізбен амандықта қауышқандығыма қуаныштымын. Сол үшін баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. «Қазғарышта» жұмысымды жалғастыру арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында әлі талай еңбек ететіндігіме уәде беремін» деп сөзін түйіндеді.
e-islam.kz


06 Қараша 2025
15 Джумада-авваль 1447

