Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд сейсенбі күні 2030 жылғы Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін өткізетін қала болып таңдалды, деп хабарлайды Al-Arabiya. Шараны ұйымдастырушы Халықаралық көрмелер бюросының айтуынша, Париждегі дауыс беру рәсімінде 119 елдің өкілдері Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядты жақтап дауыс берсе, қарсыластары Сеул мен Рим сәйкесінше 29 және 17 дауыс жинады.
ҚСА Сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бен Фархан өз елінің кандидатурасын қолдаған мемлекеттерге алғыс білдірді. Сауд Арабиясы өзінің әлеуетін әлемге көрсету, туризм, бизнес және инвестицияның магниті болу үшін World Expo 2030 және басқа да әлемге әйгілі халықаралық іс-шараларды, соның ішінде 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізу үшін көп жұмыс жасады. Бұрынғы Дүниежүзілік ЭКСПО Дубайда 2021-22 жылдары өткен болатын.