«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ШҚО өкілдігі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ерекше шара ұйымдастырды.
Аталған оқу орнының «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығына ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірдегі өкілдігі әзірлеген бизиборд өнімдері тарту етілді. Бұл игі іс туралы қордың ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлы: «Қазіргі таңда «Зекет және қайырымдылық» қорының бірнеше жобаларының ішінде бизиборд өнімдерін өндіру және мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау бойынша оқыту курстар ашылды. Біз қашанда талантты жастарды қолдап, олардың оқып үйренуіне мүмкіндіктер жасау мақсатында осындай шаралар атқарамыз. Бұл жоба қолдау тауып отыр» деп атап өтіп, іс-шараның маңызына тоқталды.
Ол сонымен қатар «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының шәкірттерімен жүздесіп, білім алу жайында тағылым айтып берді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті басшылығы шараны жүзеге асырған «Зекет және қайырымдылық» қорына алғыс білдірді.