Павлодар қаласында дін қызметкерлерін кезекті республикалық аттестаттау өтті.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасына сәйкес, имамдардың білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру, үздіксіз ізденісте болуға ынталандыру - діни басқарманың басты назарынан түскен емес. Осы ретте аттестаттаудың негізгі мақсаты – ҚМДБ діни қызметінің кадрлық құрамын қамтамасыз ету, имам-молдалардың білім сапасын көтеріп, функционалдық міндеттерін іске асыруда тұлғалық және кәсіби дайындығын арттыру.
Кереку өңірінің дін қызметкерлерін аттестаттаудан өткізуге арнайы келген комиссия құрамында төрағасы – Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы және ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы, сондай-ақ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет болды.
Бұл жолы аттестаттау жұмысына облыс бойынша 30-ға жуық діни қызметкер қатысып емтихан тапсырды. Қатысушылар А, В, С үш топқа бөлініп бірінші кезекте компьютер арқылы тест, екінші кезекте ауызша емтихан тапсырды.