Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай өткен І халықаралық Құран жарысында қазылар алқасына төрағалық еткен қари, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ерсін Әміре жарыс жөнінде «Мұнара» газетіне пікір білдірді.
«Елімізде халықаралық Құран жарысының алғаш рет өтуі бәрімізді де қуанышқа бөледі. Тіпті қазылар алқасының құрамында болған шетелдік қари-ұстаздардың өзі таңданысын жасырмай, ұйымдастыру барысында әрбір нәрсеге мән берілгенін, сондай ерекше ықыласпен дайындалғанын айтты. Сондай-ақ мұндай ауқымды шара еліміздегі қариларға айрықша шабыт сыйлап, мотивация бере түседі деп есептеймін. Өйткені жамағат бұл жарыстан рухани әсер алса, Құран жаттап жүрген бауырларымыз әлемнің әр түкпірінен келген қариларды тыңдап, халықаралық деңгейде тәжірибе алады.
Әлемдік деңгейдегі жарыс өткізу – бір жағынан елдің мерейі. Мұсылман мемлекеттеріне елімізді таныта түседі әрі өзіміз үшін де үлкен тәжірибе. Жарыс Қазақстанда өтіп жатса да, оны әлемнің қай жерінен болса да тамашалауға мүмкіндік қарастырылған. Қатысқан қариларды жақындары, тілекші достары әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде тамашалады. Мүмкіндік болса осындай халықаралық деңгейдегі жарыстарды жиі өткізіп тұру қажет» дейді Ерсін Бекайдарұлы.