Мәуліт мерекесін атап өту жер-жерлерде жалғасын тауып жатыр. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Аймантөбе ауылдық «Аймантөбе» мешіті жылдағы дәстүрге сай мәуліт мерекесін атап өтті.
Шараға аудан бас имамы Қанат Әділханұлы, «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы арнайы барып қатысып, ізгі тілектерін айтып, мешітке жиылған жамағатты мәуліт мерекесімен құттықтады.
Қанат Әділханұлы уағыз-насихатында: «Пайғамбарымызға (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) салауат айтып, сәлем жолдау – имандылығымыздың белгісі, өйткені Құранда Алла: «Шынында, Алла мен періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендерде оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!», - деп бұйыруда. Пайғамбарымыз да өзіне салауат айтудың маңыздылығын былайша білдіреді: «Қиямет күнінде маған ең жақын болатын кісі – ең көп салауат айтқан адам», - деп, салауат айтудың хикметіне тоқталды.
Шара барысында Бақытбек Бауыржанұлы мәуліт жырын қазақ-арап тілдерінде оқып, Аймантөбе мешітінің имамы Кенжехан Өксікбайұлы батасын беріп, арнайы жиналған көпшілік жайылған дәмнен ауыз тиді.