Мұсылмандар интернет пен әлеуметтік желілердегі уағыздардан сақ болуы керек. Себебі, дағуатшылардың айтқан уағыздары мен пікірлері шын мәнінде ислам дінінен алшақ болуы мүмкін. Бұл – адамдарды адасушылыққа апарар жол.
Осындай ұйғарым Бруней университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттердің бірлескен жиынында айтылды.
Бруней билігі елдегі мұсылман қоғамы жиі соқтығысатын мәселеге назар аударып, «Әхли Сунна уәл-Жамағат туралы әңгімелесу» (Ahli Sunnah Wal-Jama’ah talks) атты жобаны іске қосты.
Жобаның мақсаты – халыққа ислам дініндегі сүнниттік жол туралы базалық білім беру, өзге мәзһаб ұстанушыларына төзімділік пен сыйластық танытуға тәрбиелеу, сондай-ақ радикализм үгіт-насихатының алдын алу және қару алып «жихадқа» шығу идеясына тосқауыл болу.
Айта кету керек, аталмыш семинар елдегі барлық колледждердің білім бағдарламасына енгізілген.